Сәбилерге қандай есім қойып жүрміз?

Медина, Айша, Әмина. Бұл биыл елімізде дүниеге келген қыз балаларға қойылған ең танымал есімдердің үштігі.

Негізі Медина осымен бірнеше жыл қатарынан ең жиі қойылатын аттардың тізімінен түспей келеді. Үш жасар Мединаның атын әжесі қойыпты. Үлкендердің таңдауы жастардың да көңілінен шыққан. Бүлдіршіннің ата-анасы оған бірден келісе кеткен. Олар қыздарының есімі әдемі екенін айтады. Мағынасы да ұнайды дейді.

Алмас Біржанов, Мединаның әкесі:

- Қызымыздың есімі «көне қала», «қасиетті қала» дегенді білдіреді. Маден деген есім бар. Ол Еуропада жиі кездеседі. Кіші қызымызды Мадлен деп атадық. Үлкенімізге есім іздегенде, Амира деген нұсқаны қарастырдық. Бірақ ойлана келе Мединаға тоқталдық.

Зерттеулер көрсетіп отырғандай, сәбиге есім таңдауда сол кезде болып жатқан оқиғалар әсер етеді. Мәселен, мамырда туылған ұлдар арасында Жеңіс есімі жиі кездеседі. 2000-шы жылғы олимпиада ойындарындағы боксшыларымыздың жеңісінен кейін ұлдарына Бекзат пен Ермахан есімін бергендер қатары артты. 2019-шы жылдан бері дүниеге келген нәрестелер қатарында Қасым-Жомарт көбейген. Бүгінде олардың саны 900-ге жуықтайды. Ал Ораза айы кезінде туылған бүлдіршіндерге Рамазан деген ат жиі беріледі.

Рүстембек Есімов, ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының бас сарапшысы:

-Ер балалар арасындағы ең танымал есімдердің бірі Алихан болып табылады. Бұл есім 2298 балаға берілген. Екінші орында Рамазан. Үшінші орында Айсұлтан. Сонымен бірге топ-ондыққа кірген аттар Әли, Нұрислам, Алдияр, Алинұр, Амир, Омар, Мұхаммад, Алан, Әрсен, Ибрагим, Ислам, Бейбарыс болып табылады.

Ал Украинада биыл қыздарына Стефания есімін беріп жатқандар көп.

Бұл Еуровидение байқауында жергілікті Калуш Оркестра тобының жеңісімен байланысты. Өйткені музыканттар жарыста «Стефания» әнін орындап, бас жүлдені ұтып алған.

ТҮРКИЯДА ФАТИХ ТЕРИМ ЕСІМІНІҢ ТАНЫМАЛДЫҒЫ АРТЫП БАРАДЫ

Бірақ ол жаңадан туылған сәбилер үшін таңдалып жатқан жоқ. Тақауда билік ел азаматтарына аты-жөнін өзгертуге рұқсат еткен. Осы мүмкіндікті пайдаланған 20 мыңға жуық адам есімін атақты футбол жаттықтырушысының құрметіне Фатих Терим деп ауыстыруға өтініш беріпті. Атын өзгертуге сауал жолдағандардың қатарында отандасымыз Лаура да бар.  

Лаура Елемесова, жергілікті тұрғын:

-Лара деп өзгерткім келеді. Лара, Еуропа елдерінің жиі қолданатын есімдердің бірі. Түркияда қолданысқа енгеніне біршама уақыт болды. Су перісі деген мағына білдіреді. Сондай-ақ, мейірімді әрі сыпайы дегенге де келеді. Сол үшін осы есімді өзіме таңдап алдым. Әрі бір әріптің ешқандай проблемасы жоқ.

2020 жылы ең ауқатты адамдардың бірі Илон Маск ұлына әлемдегі ең ерекше есімдердің бірін берді. Ол баласын «Икс Эш Эй Туелв» деп атаған. АҚШ пен Ұлыбританияда «Кек алушылар» фильмі шыққаннан кейін аты Марвел кейіпкерлерінің құрметіне қойылған балалар саны артқан. Мәселен, Танос, Локи, Бакилер көбейген. Алайда сарапшылар ата-аналарға мұндай үрдіске ермеуге кеңес береді. Өйткені 5-10 жылдан кейін кинодағы кейіпкер көбінің есінде қалмайды. Ал бала оғаш есімімен өмір сүруге мәжбүр болады.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Зәуреш Думанқызы, Ернар Демесін