Ауылдықтар темір жолдағы емхананы асыға күтеді – Қызылорда облысы

Қызылорда облысының шалғай елді мекендерінде тұрғындар үшін әлі де сапалы медициналық қызмет қолжетімсіз. Сондықтан жырақта орналасқан ауылдықтар тегін диагностикалық тексеруден өткізетін «Жәрдем» пойызын асыға күтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сыр өңіріне өткен айдың басында келген шойын жол үстіндегі емханаға 10 мыңдай сырбойылық қаралған. Оның 2 мыңдайы балалар. Дәрігерге деген сұраныстың көптігіне байланысты қызылордалықтар мемлекеттен қаржыландырылатын әлеуметтік жобаның ауқымы кеңейгенін қалап отыр. Батыстағы 4 облысты аралап шыққан 18 дәрігерден құралған құрам Сырдағы сапарын Аралдан бастап, жол-жөнекей 10 станцияға аялдауы тиіс. Соның бірі – Шиелі ауданындағы Майлытоғай ауылы. Елордада жасақталған тәжірибелі мамандарға қаралуға асыққан жанның бірі – Аманкүл Молжігітова. Көп балалы ана көптен бері қолға түсе бермейтін гастрентолог пен гинекологтың көмегіне зәру болып жүрген.

Аманкүл Молжігітова, Майлытоғай ауылының тұрғыны:

2-3 жылда денсаулық «Жәрдем» пойызы келіп тұрады. Көп-көп рақмет. Ішкі құрылыс, ЭКГ түстім, невропотолог көріндім. Бар ауруымызды айтып жатыр. Қысым өлшеп, анализ алды.

Жалғыз фельдшерге күні қарап отыратын майлытоғайлықтар ультра дыбыстық зерттеу, рентген, эндоскопия сынды қондырғыларға таңсәріден кезекке тұрып алған. Сырқат диагнозымен қатар емдеу жолын қоса айтып  беретін дәрігерлер ауызсудың сапасыздығына байланысты тұрғындардың ішкі құрылысынан кінәрат көп анықталып жатқанын айтады.

Алтын Шаихина, УДЗ дәрігері:

– Бірнеше ісік ауруына күдікпен келген науқастар болды. Гинекология, асқазан ішек жолдары ауруларымен келгендердің сәйкес потологиялары табылып жатты. Ең көп кездесетіні бүйректің және өт жолының тастары.

Дана Сағынбекова, аға мейірбике:

Көбісінің шағымдары қан-тамырлары аурулары, қан қысымы, қант диабеті, неврологиядан грыжа, тізе, кішкентай балаларда тері аурулары көп кездеседі. Одан кейін көз және құлақ.

Мал мен егін баптау секілді күйбең тірліктен шыға алмайтын ауылдықтар денсаулық пойызының жиі келгенін қалайды. Өйткені жылына бір келіп, 2 күн ғана аялдайтын жылжымалы емхананың тұрғындар үшін әлеуметтік маңызы жоғары болып тұр.

Бекзада Сағындықова, Майлытоғай ауылының тұрғыны:

– Керек қой керек, туу қалаға барамыз, кезекте тұрамыз. Ол бір күнде біте қоймайды жұмысымыз. Келіп тұрғаны жақсы.

Алтынай Торғауытова, Майлытоғай ауылының тұрғыны:

Әрине келіп тұрғаны жақсы, бізде халық көп қой. Кешеден бері түсіп жатыр. Түстен кейін қалғандарын тағы шақырыпты.

Халықтың алғысымен қатар озық үлгідегі медициналық құрылғы қатарын көбейту жөніндегі талап-тілегін арқалаған дәрігерлер жоба жетекшілеріне ұсынысты жеткізіп, көп ұзамай қайта айналып соғуға уәде беріп кетті.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин