Ақтөбеден Қостанайға гуманитарлық көмек жіберілді

Алапат өрттен зардап шеккен қостанайлықтарға Ақтөбе облысынан да гуманитарлық көмек жіберілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім-кишек және өзге де тұрмысқа қажетті заттар тиелген жүк көліктері жолға шықты. Тілсіз жаудан зардап шеккен отбасыларына жәрдемдесу мақсатында аймақ басшысы Ералы Тоғжанов, жедел штаб құруды тапсырған. Ал қала мен облыс аудандарында «Аманат» партиясының 13 гуманитарлық көмек көрсету пункті жұмыс істеп тұр. Оған тұрғындар мен кәсіпкерлер азық-түлік пен төсек-орын және өзге де заттар әкеп тапсырып жатыр. Қостанай облысына алдағы уақытта тағы де керуен жөнелтіледі.

Ермек Кенжеханұлы, облыс әкімінің орынбасары:

– Зардап шеккен Қостанай облысының азаматтарымен біз бірге екенімізді жеткізгіміз келеді. Біз әрқашанда өзіміздің азаматтарға, көршілерімізге қолдауға, қол ұшымызды созуға дайын екендігімізді жеткізгіміз келеді. Ақтөбе облысы жедел штабтары осы Қостанай облысындағы төтенше жағдай тоқтағанға дейін жұмысын атқаратын болады.