Елордада жаһандық рекорд тіркелді

Елордада жаһандық рекорд тіркелді

«Әлем музыкасы» атты жобаға 51 елден 75 ұлт өкілі қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көпұлтты оркестр «Қара жорға» әнін  шырқады.  Абайдың «Желсіз түнде жарық айы» туындысы да оркестрдің сазына арқау болды. Қазақ әуендерінен кейін басқа да әлемге танымал әндер  орындалды. Ал рекордты Гиннестің әлемдік рекордтар кітабының төрешісі Джэк Брокбэнк әлемдік деңгейдегі іс-шараға арнайы келіп, тіркеді. Ауқымды жоба елордада өтетін Әлемдік дін көшбасшыларының съезі қарсаңында ұйымдастырылды. Мәдени іс-шараға Парламент Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Басшысы Мәулен Әшімбаев қатысты. Ол өз сөзінде Съездің бірегейлігі мен тарихи маңызына тоқталып, форумның дінаралық және өркениетаралық диалогты ілгерілетудегі айрықша рөліне назар аударды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Мәдениет пен өнер ұлтына, дініне және әлеуметтік жағдайына қарамастан адамдарды біріктіруші күшке ие. Бүгін біз тарихи оқиғаның куәсі болдық. Рекордтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі қарсаңында тіркелуі де айрықша мәнге ие. Бұл – біздің еліміз үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін, әсіресе, қазіргідей қиын-қыстау кезеңде маңызды оқиға. Жаңа жобаның түпкі мақсаты VII Съездің идеологиялық бағытымен толық үндеседі. Ол – диалог, ынтымақтастық және әлемдегі қазіргі өзекті проблемаларды бірлесіп шешу сияқты басымдықтар.