Арбадағының мұңы: мүмкіндігі шектеулі ер адамды шипажайға кіргізбей қойған

Арбаға таңылған ер адамды шипажайға кіргізбей қойғандардың әрекетін көпшілік сынның астына алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сорақысы сол, ақтөбелік азамат жолдамасын жарты жыл бұрын әлеуметтік қызметтер порталы арқылы алып қойған.

Ізбасар Сүлейменов, қала тұрғыны:

- 18-і күні Щучье қаласындағы шипажайға келдік. Ресепшнде тұрған қыз, өздігінен жүре алмайтын адамдарды қабылдамаймыз деп айтты. Алайда бір апта бұрын қоңырау шалғанымда менің атымда бронь барын растады. Қосымша шарттары болса, неге мені әбігерге салмай алдын ала ескертпеді.

Бір өкініштісі, Ізбасар Сүлейменовтың бұзылған демалысына ешкім жауапкершілік алмады. Жауапты мемлекеттік органдардың тарапынан ешкім кешірім сұрамады. Щучьедегі шипажайға хабарласқанымызда, бұл жағдайға қатысты пікір білдіруден үзілді-кесілді бас тартты. Заң бойынша мүгедектігі бар азаматтар жылына бір мәрте шипажайда ем алу керек. Ақысын мемлекет төлейді. Алайда бюджеттен бөлінетін қыруар қаражатты бақылап жатқан ешкім жоқ. Пандус қарастырылмаған немесе лифті тым тар санаторийлерді порталға не үшін тіркейді, деп налиды қоғам белсенділері.

Сапура Байғуанова, Шашыраңқы склерозға шалдыққандар қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

- Біздің қоғамдық бірлестікке мүше әріптесіміздің өздігінен жүре алмайтын ұлы бар. Сондықтан кез келген жерге бір өзін жібере алмайды. Үнемі баласының қасында жүруге мәжбүр. Щучьедегі шипажайлардың бірін таңдап, демалысын қазан айына жоспарлап қойған. Таяуда ғана таңдаған санаториі 1-топ мүгедектігі бар азаматтарға арналмағанын білді. Енді алдағы үш апта ішінде басқа демалыс орнын қарастыруы керек.

Сарапшының айтуынша, шипажайларға қойылатын талапты қатаңдату қажет. Тапсырысты орындаушылардың мүмкіндігі шектеулі клиенттеріне деген көзқарасын жақсарту үшін мемлекеттен бөлінетін қаржыны мүгедектігі бар жандардың әлеуметтік әмиянына аударған жөн.

Алмаз Ержан, қоғам белсендісі:

- Шындыққа тура қарауымыз керек. Елде көп шипажай мүмкіндігі шектеулі жандарға арналмаған. Көбі арбаға таңылғандарды қабылдағысы келмейді. Өйткені өздігінен жүре алмайтын адамның жанында әрдайым көмекшісі болады. Ондай демалыс орындарын әлеуметтік қызметтер порталының тізіміне енгізудің қажеті қанша? Мұның астарында жемқорлыққа қатысты қитұрқы әрекет болса таң қалмаймын.

Бұдан бұрын Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова шипажайларды порталға тіркеу тәртібін қайта қарастырамыз деп айтқан болатын. Жаңа талаптар Әлеуметтік Кодексті әзірлеу кезінде ескерілмек.

Талғат Сағитов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі департаментінің бас сарапшысы:

- Әлеуметтік қызметтер порталының 400 мыңға жуық қолданушысы бар. Оңалтудың 60 техникалық құралы және 4 қызмет түрі қарастырылған. Шипажайларды порталға тіркеу кезінде жергілікті атқарушы органдар жанынан арнайы комиссия құрылады. Тапсырыс орындаушыны тіркеу немесе тіркемеу туралы шешімді де комиссия мүшелері қабылдайды.

Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға әрдайым қолдау көрсетеміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл уәдесі Жолдау басында айтылғаны әлеуметтік саладағы жауапкершіліктің салмағын көрсетсе керек.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Марат Диханбаев, Ерлан Наурызбаев