Елордада Қызылорда облысының ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтті

Әр демалыс күні таңертеңнен елордалықтар қаладағы басты жәрмеңкеге асығады. Ондағы мақсат – енді піскен күзгі бақша өнімдерін алу, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал бүгін Қызылорда өңірінің ақ маржаны, Аралдың балығы сауданы қыздырды. Мұндағы сары май, ірімшік, құрт, ет пен шұжық және көкөністер нарықтық бағамен саудалануда. Жалпы елордадағы ауыл-шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне Қызылорда облысынан 500 тоннадан астам өнім жеткізілді.

Қуаныш Сапаров, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары:

- Қызылорда облысынан жәрмеңкеге 70-тен аса кәсіпкерлер қатысып отыр. 500-ден аса тауар, ауыл шаруашылығы өнімдерін әкеліп отыр. Жәрмеңке негізі қаладағы азық-түлікті қамтамасыз етуге, бағаны тұрақтандыруға бағытталған. Қазақстанның барлық облыстарының қатысуымен болады. Қараша айына дейін жалғасады. Келесі аптада Алматы облысы мен Жетісу облыстарының ауыл шаруашылығы өнімдерін күтіп отырмыз. Әр сенбі-жексенбі сайын кезекпен облыстар келіп отырады.

- Өткізбейміз, қыстай-жаздай болып жатса естісек келеміз. Өте ыңғайлы, өте арзан. Балық аламын. Көпбалалы анамын, барлық азық-түлікті аламын. Қарбызымыз, қауынымыз, құртымыз.

- Жәрмеңкеге бірінші рет келіп тұрмын, бағасы 3400 күріш алдым пока. Қазір қауын аламыз тағы.

- Қауыннан алдым, қазысы көп деген балықтан алдым, өнімдері жақсы, рахмет, ризамыз.

Еттің келісі 2300 теңге, балық 600-ден 2 жарым мыңға дейін, сары май 3000, 1 келі күріш 340 теңгеден сатылуда. Жәрмеңке Тұран 48 мекенжайы бойынша, «Астана Арена» спорт сарайының алаңында орналасқан.

Авторлары: Рухани Асқар, Жандос Битабаров