Жайық қалпына келе ме?

Алғабас ауылында шаруа Ерболат Құрманғалиев биыл шабындықты заманауи жабдықтар арқылы жаңбырлатып суаруға көшкен. Өйтпеске амалы қалмапты. Үш жыл бойы қуаңшылық қыспаққа алған. Фермер биыл жағдай біраз жақсара түскенін айтады. Ол канал бойынан сыйымдылығы 20 мың текше метр болатын су қоймасын қаздырып, шабындыққа құбыр тартқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

80 га алқапқа егілген судан шөбі жаңбырлатып суару әдісі нәтижесінде қаумалап өсіп, шаруа бір рет орып үлгерген. Енді екінші шығымын күтіп отыр. Бұған қоса тағы бір 80 га жерде жоңышқа өсіріліп жатыр. Фермерді каналдың келешегі алаңдатады. Жайықтың су деңгейі қайта төмендеп кетсе, шаруа шаш етектен шығынға батуы мүмкін

Ерболат Құрманғалиев, шаруа:

- Жайықта су болып, каналда су болатын болса, ол құрылғыларды бірінен кейін бірін қоя беруге болады ғой. Мысалы, ақшасы бар жігіттер бар, бірақ маңайында су жоқ. Ол не істеу керек сонда? Водхоз, акимат гарантия берсе, «конкретно гарантия, міне, су» деп. Ал олай ешкім гарантия бермейді. Бәрі Жайыққа байланысты. Бұрынғы каналдардың бәрін суландыратын болса, онда құрылғыларды қоюға болады.

Балықшыларды да Жайықтың жағдайы мазалайды. Виктор Рохлин балық аулауды ұзақ жылдан бері кәсіп етіп келеді. Айтуынша, бұрын бағалы балықтары тайдай тулаған өзенде соңғы жылдары желбезектілер күрт азайып кеткен.

Виктор Рохлин, балықшы

- Мына балық тым кішкентай, оны қайта суға жіберемін. Соңғы жылдары Жайықта балық сиреп барады. Бекіре тұқымдас балықтар тіптен жоқ деуге болады. Бұрын бағалы балықтар өте көп еді. Балықшылар шоқырды волейболдың торымен аулағанын да көзбен көргенмін.

Аймақ халқының 75%-і осы өзеннің бойындағы елді мекендерде орналасқан. Өңір экономикасының тірегі – ауыл шаруашылығы болса, сол саланың күре тамыры – Жайық. Жайық-Көшім гидрожүйесінде 4 ірі су қоймасы бар. Биыл онда жиналған су мөлшері былтырмен салыстырғанда 20%-ке артқан. Нәтижесінде тіршілік нәрінен тарыққан елді мекендердің біразы шаруасын қайта шалқыта бастады. Дегенмен ирригациялық жүйелер тұрақты қалпына оралды деуге тым ерте. «Қазсушар» мекемесі мамандарының айтуынша, Жайық өзенінен жыл сайын шаруашылыққа 607 млн текше метр су алуға рұқсат берілген. Бірақ кәсіпорын соңғы 4 жылда мұндай көлемде су алу мүмкін болмағанын айтады.

Шынболат Ермағамбетов, «Қазсушар» РКМ БҚО филиалының бас гидротехнигі:

- Башқұртстан территориясында бір нөсер жаңбыр жауғаннан кейін соның пайдасы тиді Жайыққа. Былтыр, мысалы, барлығы 200 млн текше метр шамасында алсақ, биыл тамыз айының жетісіне 340 млн текше метр су алдық Жайықтан. Жайық-Көшім жүйесінде 5 ауданға су беріледі. Бұл ауыл шаруашылығына қажетті су. Оған қосымша санитарлық-экологиялық мақсатта бар. Су қоймалары бойында балық бар ғой. Балық шаруашылығына септігін тигізеді.

Сәуір айында Жайықтың Орал қаласы тұсындағы деңгейі 4 метр шамасында болған. Ал 2019 жылы 3 метрге де жетпеген екен. «Қалыпты жағдайда өзен тереңдігі 6 метрден кем болмау керек» дейді мамандар. Демек экологиялық апат қатері сейіле қойған жоқ. Қоғам белсенділері су тапшылығын өзен бойында салынған ірі гидронысандармен, ал гидрологтар табиғи циклмен байланыстырып отыр.

Арман Бектенов, "Таза бұлақ" ғылыми-өндірістік бірлестігінің төрағасы

- Өзеннің жағдайына адами факторлар кері әсер етуде. Су өндірістік мақсатта шамадан тыс пайдаланылып жатыр. Мысалы, көктемде өзен деңгейі 1 метрге көтерілсе, кәсіпорындар 1,5-2 метрге кері азайтып жібереді. Оның үстіне өзеннің жоғары ағысында бөгеттер мен су қоймалары көбейді.

Шынболат Ермағамбетов, «Қазсушар» ркм бқо филиалының бас гидротехнигі:

- Мысалы, айтады ғой Жайық өзеніне кедергі келтіріп тұрған жоғарыда орналасқан су қоймалары деп. Иррикла, Магнитогорск, сосын Верхный Уральск деген 3 су қоймасы бар. Дегенмен де ол су қоймаларының салынғанына 50 жылдан асып кетті. Яғни, тап сол 3 су қоймасының бұл жерде келтіріп тұрған кеселі тап сондай емес енді. Табиғи цикл деп толық айтуға болады. Яғни, күзгі ылғалдылық аз. Қар қоры аз болып тұр. Қар қоры кейде мол болғанымен, күзгі ылғалдылық болмаса, қар еріген кезде су жерге сіңіп кетеді.

Өңірде Жайықтан бөлек, трансшекаралық Қараөзен мен Сарыөзен бар. Оларға көрші елден үш жыл бойы тасқын су келмеген екен. Ал биыл қос өзенге 70 млн текше метр шамасында су түскен. Гидрологтар бұл өзендердің жағдайын орташадан жоғары деп бағалап отыр.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов