Шағын футболдан журналист А.Сейітхановты еске алуға арналған турнир өтті
Алматыда «Хабар» Агенттігінің ұйымдастыруымен журналист, спорт комментаторы, айтыскер ақын
Амангелді Сейітхановты еске алуға арналған шағын футболдан ІІІ республикалық турнир өтті. Аяулы әріптесіміз үш жыл бұрын дүниеден озды. Спорттағы жеңісті күндердің эфирдегі жаршысы болған Амангелді Сейітханов көзі тірі болғанда бүгін 55 жасқа толар еді.
«Алаштың Амангелдісі» аталатын осы ән дәстүрлі турнирдің бейресми әнұранына айналғандай. Бүгін де, арда азаматтың асыл мұраттарын тізген ән тағы бір орындалып, қатысушылар Амангелді Сейтхановты бір минут үнсіздікпен еске алды. Алдындағы ағалары, әріптес достары мен ізін басқан ізбасарлары Амангелді Сейтхановтың тапқырлығы, ұранға айналған сөздерін айтып, жылы естеліктерімен бөлісті.
Кемелбек Ойшыбаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы:
- Бұл жарыс дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. 2002 жылы бастаған Хабар агенттігі, содан жыл сайын осы алматыда бас қосып, бүгін туған күніне орай ағамыз көзі тірі болған кезде 55 жасқа келер еді бүгін. Сол ағамыздың өмірбаянын, «Хабарда» істеген тәжірибесін ұмытылмасын деп осы турнирді ұйымдастырып келеміз.
Амангелді аға өзі де ала допты жанындай жақсы көрді. Команда құрып, футбол ойнады. Ұзақ жылдар «Хабар» арнасында қызмет еткен әріптесіміз, спорт жаңалықтарының шолушысы, комментатор ретінде бес олимпиада ойындарына қатысып, хабар таратты. Тұңғыш рет футболдан әлем чемпионатынан қазақ тілінде тікелей эфир жүргізіп, спорт журналистикасының дамуына зор үлес қосты.
Бекасыл Амангелдіұлы, Амангелді Сейітхановтың ұлы:
- Ағаларыма ризамын, себебі, дәл осындай игі шараны марқұмның есімін жоқтатпай, дәл осындай арда туған азаматтарды бағалап, қазіргі өскелең жас ұрпаққа деген керемет бағдар бұл меніңше. Соған қатты ризамын өзім, рақмет. Жеңісті күндеріміз көп болсын, жеңісті күндерде жүздескенше.
Амангелді Мәулітханұлының екінші отбасындай болған ұжымы «Хабар» Агенттігінің» ұйымдастыруымен өткен турнирге Талдықорғанның «Қаракет» командасы, Қызылорданың «Ақмешіті», Тараздан «Тараз пресс», Астанадан «Қазмедиа» командалары мен «Хабар агенттігінің» ала доп шеберлері, Атырау мен Түркістан командалары қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша «Қазмедиа» құрама командасы топ жарды.
Дәурен Берікқажыұлы, «Қазмедиа» құрама командасының ойыншысы:
- Бұрын Сейдахмет Бердіқұловтың турнирін күтетінбіз, енді шынын айтқанда көктем шыққанда футбол маусымы осы Амангелді ағамыздың турнирімен басталып жатыр. Жұрт көктемді күтсе біз осы турнирді күтеміз.
Ұйымдастыруы өте жоғары деңгейде.
Екінші және үшінші жүлделі орындарды «Спорт плюс» құрама командасы мен атыраулық футболшы әріптестеріміз иеленді.
Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов, Мұхит Құдықбаев