Түркістанда шаруалар су тапшылығын көріп отыр

Бір ғана мысал, Түркістан облысындағы Қызылқұм каналы шамамен жүз  шақырымға созылып жатыр. Мұнда 900 миллион кубометр су өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда тіршілік көзінің тең жартысы алқапқа жетпей, кеуіп кетеді. Түптің түбінде мұның зардабы егістік басында жүрген диқандарға тиеді.

Қабланбек Жұмабек, шаруа қожалығының төрағасы:

- 350 млн текше метр су жер астына сіңіп жатыр. Егер де осы канал бетонмен жабдықталса, осыншама шығын болмайтын еді. Ол деген сөз біз тұтынып жатқан 981 млн текше метр емес, ол кезде біз 400-500 млн текше метр сумен шғып кететін едік. Қаншама су үнемделетін еді. Жаңа технологияларды пайдалануға жол ашылар еді.

Елде дәл осындай 3500 су арнасы бар. Соның 55 пайызы ескірген. Атап айтсақ, магистральды каналдардың – 60%-і, шаруашылыққа арналған каналдардың 80%-і, ішкі шаруашылыққа арналған каналдардың – 90%-і тозған.

Оның үстіне цифрландарылған каналдарсы саны небәрі 16. Яғни, елдегі тіршілік көзінің қайда барып, қайда ағатыны бақыланбайды. Бұл мәселелерді дер кезінде шешкенде қаншама қураған егістікті аман алып қалуға мүмкіндік туатын еді. Мәселен, 2030 жылға дейін 400-ге жуық су арнасын цифрландыру жоспарда бар. Бұл жыл сайын 800 миллион текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік береді.

Мұрат Бейсенов, ҚР ЭГТРМ басқарма басшысы:

- 30 жылға дейін 39 су қоймасын салайын деп отырмыз. Салған жағдайда 3 млрд 700млн текше метрден астам суды сақтауға мүмкіндік береді. 120 каналды біз 30 жылға дейін реконструкциядан өткіземіз деп отырмыз. Бұл кем деген де 3,5 мың км. Мамандар тапшылығы шешу үшін су саласының базалық институтын құру деп отырмыз.

Сонымен жауаптылар 2030 жылға дейін құмға сінген су көлемін 20 пайызға дейін түсіреміз дейді. Одан бөлек, су саласын дамытуға арналған үш жылдық жобаның бес бағыты да айқындылыпты. Су кеңесінің құрамына енді сарапшылар кіретін болады.

Авторлары: Бекзат Аманов, Ақылбек Есімсейітов