Пандемия кезінде тұралаған отандық туризм қайта қалпына келе бастады

Биыл жыл басынан бері ішкі туризмдегі көрсеткіш 3,6 миллион адамға жеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 50 процентке көп. Мұны Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков айтты. Алайда шетелдік туристердің келуі бәсеңдеген. Жарты жылда Қазақстан аумағына 1,3 шетелдік азамат табан тірепті. Мамандар мұны эпидемиологиялық жағдаймен байланыстырып отыр. Олар халықаралық туризм тек 2024 жылға қарай қалыпқа келеді деп болжайды. Қазір елімізде 74 мемлекеттің азаматтарына визасыз кіруге жағдай жасалған. Оның санын 100-ге дейін жеткізу көзделіп отыр. Сонымен қатар инвестиция тарту мәселесі де басты назарда. Бұл бағытта 2022 жылы құны 20 миллиард теңгенің 77 жобасы жүзеге асырылған.

Даниел Сержанұлы, «Kazakh tourizm» ҰҚ» АҚ басқарушы директоры:

- Сырттан келетін шетелдік туристердің санын арттыру бойынша жұмыстар жалғасуда. 2020-2021 жылдары олардың саны күрт құлаған болатын. 70-80%-ке дейін төмен түскен кездері болды. Бірақ биылдың өзінде осы сандардың қалыпқа келгенін байқап отырмыз. Келесі жылдың соңына дейін 2019 жылдың деңгейіне жетеді деген ой бар. Бүгіннің өзінде 700 мың турист келеді деген болжам бар. Жарты жыл бойынша  300 мыңға жуық турист келген.