Еліміздегі Алғашқы медкөмек демонстрациялық платформасы нәтижесін бере бастады

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен Қазақстанда ашылған алғашқы Медициналық көмек бойынша демонстрациялық платформа өз нәтижесін бере бастады.

Дәрігер, медбике, әлеуметтік қызметкер, психологтан тұратын көпсалалы бригаданың жүйелі жұмысынан кейін арнайы мамандандырылған дәрігерге түсетін жүктеме айтарлықтай азайған. Тиімді тәжірибеге көрші мемлекеттер де қызығушылық танытуда.

Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық емханасында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету бойынша тәжірибе алаңы биыл көтемде басталған. Содан бері мейірбикелердің науқастарды қабылдауы 10 есеге артып, мамандандырылған дәрігердің жүктемесі 25 процентке азайды. 

Малита Якоб, ДДСҰ Алғашқы медициналық көмек бағдарламаларының жетекшісі:

- Біз көпсалалы мамандандырылған топтар құрдық. Оларға психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер кірді. Бұл әдіс азаматтардың денсаулығына жақсы әсер етуде. Дәрігердің тікелей араласуын қажет етпейтін мәселелерді медбике шешеді. Сондай-ақ науқастың емдеу нұсқаулығын орындауы да медбикелер бақылауында. Сондықтан біз басқа елдерді Қазақстанның алғашқы медициналық-санитарлық көмекті қалай қайта жасақтағанын  көруге шақырамыз. 

Медицина саласында емхананың маңыздылығы басым. Өйткені науқастардың  басым бөлігі бас ауырып, балтыр сыздаса бірінші кезекте емханаға барады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, осы жылдың сегіз айында азаматтар емханаға 51 миллион рет жүгінген. 

Вячеслав Дудник, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:

- Бұл жобаның бірегейлігі неде? Мұнда дәрігер ғана қабылдау жүргізбейді, олар ұжым болып жұмыс істейді. Топ құрамындағы медбике, психолог пен әлеуметтік қызметкер - білікті мамандар. Олар барлық бағытта мұқият және науқастың қажеттілігін ескере отырып қызмет көрсетеді. 

Тілші: Қазақстандағы алғашқы медициналық-санитарлық көмектің негізгі принципі - үздіксіз дәрігерлік көмек көрсету, отбасы мүшелерін қамту, сондай-ақ, қолжетімді болу. Халықтың денсаулығын жақсартауға бағытталған мұндай бастама көршілес елдердің де назарын аударды. 

Нұрлан Бримкулов, отбасылық медицина кафедрасының меңгерушісі (Қырғызстан):

- Шын мәнінде тиімді тәжірибе. Жоба тікелей тұрғындарға бағытталған. Азаматтар емханаға дер кезінде қаралып, тиісті скринингтен өтіп, дәрігер нұсқаулығын орындауда. Бұл түптеп келгенде олардың денсаулығының жақсаруына әкеледі. Бұл біздің еліміз үшін  жаңа тәжірибе. 

Бұған дейін Өзбекстанның медицина мамандары жобаға қызығушылық танытқан болатын. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жүйелі жұмыс қазір оларда да сәтті жүзеге асырылуда.

Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов, Нұрдәулет Жақсыбаев