Қазақстандағы реформалар туралы шетелдік сарапшылар пікір білдірді

Қазақстан билігі халқының әл-ауқатын көтеру үшін алдағы жылдары ауқымды реформалар жүргізбек. Ол туралы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы үндеуінде де кеңінен түсіндірген болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінгі жиында елшілік өкілдері Қазақстандағы осы әлеуметтік бастамалардың барысымен таныстырды.

Марат Тажин, Қазақстанның Чехиядағы Елшісі:

- Біз президент бастамалары, нақты ұсыныстар мен әлеуметтік реформаның бірқатар бағытын талдап, еуропалық қауымдастықты оның барысымен таныстыруды шештік. Бәріміз де Қазақстан, Орталық Азия, Шығыс Еуропаға тән әлеуметтік саясаттың социалисттік түрінен бастаған едік. Алайда осы жылдары әртүрлі жолдан өттік. Әрине біз үшін денсаулық сақтау, білім мен ғылым салаларындағы реформалардың нақты тәжірибесі өте маңызды. 

Корнелл Сванте, Орталық Азия және Кавказ институтының директоры:

- Қазақстан қарқынды дамып келеді және көптеген бағдарламаларды жүзеге асырып жатыр. Білім саласындағы реформаларын үлгі тұтуға болады. Ұстаздарды дайындауда жоғары жетістіктерге жетті. Сондай-ақ, Болашақ бағдарламасын атап өткім келеді. Қазақстан университеттері мен зияткерлік мектептерге табысты инвестиция салып, ондағы оқушылар елеулі жетістіктерге жетіп жатыр. Менің ойымша, енді ауылдағы мектептер мен өңірлердегі білім беру саласына да осындай көңіл бөлу керек.

Конференцияға Польша, Чехия, Венгрия, Словакия, Швеция секілді 6 елдің 20-дан астам профессоры мен сарапшылары қатысты. Әр елдің бірегей тәжірибесі бар. Сондықтан делегаттар өз жетістіктерімен бөлісіп, әлеуметтік реформаларды іске асыру жолында қандай қиындықтар болғанын айтып берді.

Роман Василенко, Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары:

- Қазіргі мақсатымыз – диалог пен тәжірибе алмасуды бастау. Конференцияда әлеуметтік жағынан жауапты мемлекетті құрудың түрлі тұстары қарастырылды. Мәселен, әлееуметтік тұрғыдан жауапты бизнес, денсаулық сақтау саласы мен зейнетақы жүйелері. Көп бағытта Қазақстан осы мемлекеттерден айтарлықтай алға кеткенін естіп, риза болдым. Мысалы цифрландыру саласында.

Марек Рымша, Польша Президентінің кеңесшісі:

- Қазақстанға облыстардың әлеуметтік инфрақұрылымына көбірек көңіл бөліп, бұл салаға барынша инвестиция тартуға кеңес берер едім. Әлеуметтік саясаттың тиімділігі негізінен орталық пен өңірлер арасындағы өзара ынтымаққа байланысты. Польшаның бұл салада мол тәжірибесі бар және біз онымен бөлісуге дайынбыз.

Конференцияға қатысушылар сапалы медициналық сақтандыруды қамтамасыз ету және зейнетақы жүйесін реформалау жолдарын талқыға салды. Басқосуда сондай-ақ цифрлық Үкімет пен өңірлерде әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру тақырыбы да қозғалды.   

Мартина Варкочкова,  Прагадағы Метрополь университетінің профессоры:

- Маған түрлі елдердің тәжірибесін білу маңызды болды. Бір жағынан бәріміз ұқсаспыз, алайда кейбір тұста көзқарасымыз әртүрлі. Осы конференцияда барлық тарап өз елінің тәжірибесімен бөлісе алды. Осындай кездесулер өте пайдалы деп санаймын. Қазақстандағы реформаларға қатысты, мысалы шалғай ауылдарда жаңа мектептер салу өте дұрыс шешім деп ойлаймын.

Қазақстанның Чехиядағы елшілігінің бұл игі бастамасын өзге елдер де қолдады. Жақын арада осындай конференциялар Еуропаның басқа мемлекеттерінде де өтеді. Ал бүкіл Еуропаның үздік сарапшылары қатысатын қорытынды басқосуды Қазақстанда ұйымдастыру жоспарда бар.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский