Павлодарда құқықтық кеңес беру жөнінде көшпелі қабылдау болды

Павлодардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі халық көп шоғырланатын жерлерде көшпелі қабылдау өткізіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мақсат – тегін құқықтық кеңес беру және тұрғындардың мәселесіне жедел әрекет ету. Шара «Адал көмек» жобасы аясында ұйымдастырылды. Оған жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және энергетика басқармаларының басшылары мен «Қазақстан темір жолы» ҰК өкілдері қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, азаматтар кей жағдайда құқықтық сауатсыздықтан жемқорлық әрекеттерге барады. Мұндай кездесулер сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес  тиімділігін арттыра түседі. Теміржол вокзалында өткен алғашқы қабылдауға тұрғындар пробемаларды ғана емес ұсыныстарын да ала келген.  

Назымбек Бекжанов, СЖҚІҚ агенттігі  Павлодар облысы бойынша департаменті превенция басқармасының басшысы:

– Тұрғындар әр сала бойынша сауалдарын ортаға салды. Мәселен, Павлодар мен Батыс-Қазақстан облысына, Орал, Атырау, Ақтау қалаларына тікелей бағыт керек деген мәселе көтерілді. Павлодар мен Астана арасында әуе қатынасының жоқтығы да халықтың көкейіндегі сауал. Бұдан бөлек, тұрғындарды қала ішінде жол жөндеу, су құбырларын алмастыру жұмыстарының ұзаққа созылуы алаңдатады.