Қостанайда экзотикалық жануарлар емдейтін дәрігер бар

Светлана Штепнер бірсыпыра ветеринарлық емхананың табалдырығын тоздырған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауруға тап болған алақоржынды (хомяк) емдей алмай әлек. Әйтеуір білікті маманға кезігудің сәті түсті.

Светлана Штепнер, қала тұрғыны:

Алақоржыным 3 жаста. Осыған дейін қолымнан келгенше дәрі беріп емдейтінмін. Енді білікті маманның қабылдауына келіп отырмыз.

Білікті маман Павел Фридман сирек кездесетін жануарларға да ем-дом жасайды. Бауырмен жорғалаушы, кеміргіш, сүтқоректі дейсіз бе жануардың неше түрлісін дерттен айықтырған.

Павел Фридман, ветеринар:

Құс пен кеміргіштер мысық, ит сияқты үй жануарлары емес. Сол себепті олар ауруларын соңына дейін жасырады. Тиісінше иелері бізге келгенде ауру әбден асқынып кетеді. Ал мұндай кезде көмек көрсету қиынға соғады. Сондықтан профилактиканы басты назарда ұстаған дұрыс. Жылына ең кемі бір рет маман көмегіне жүгіну керек

Былтыр бұл емханада он мыңдай жануар емделді. Жануарларды зертханаларда диагностикадан өткізіп, рентген жасауға болады.

Дарья Шадрина, мал дәрігерлік емхананың менеджері:

– Бізге экзотикалық жануарлардың иелері жиі келетін. Алайда арнайы көмек көрсететін маман болмайтын. Себебі біздің жұмыс ит пен мысық емдеуге бағдарланған. Жалпы Қазақстан бойынша экзотикалық құс, жылан, өрмекшілер емдейтін мамандар жоқтың қасы десек болады.

Емхана дәрігерлерінің айтуына қарағанда, тұрғындар тарапынан ерекше жануарларға деген қызығушылық жоғары. Енді арнайы маманның пайда болуымен келушілер қатары екі есе артады деген болжам бар.  

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров