Ауыл халқы қай аурудан қиналады?

Биыл ауылдық жерлерде нәресте өлімі 30,6%-ға көбейген. Былтыр  қан айналымы жүйесі ауруларынан елді мекен тұрғындарының өлім-жітімі 11%-ға артқан. Қатерлі ісікке шалдыққандардың қатары көбейді. Осының бәрі  денсаулық сақтау жүйесінде қордаланған проблемалардың барын аңғартады. Ауылдағы 7 млн 800 мың халық сапалы медицинаға қашан қол жеткізеді?

Бүгінде 200-ден аса елді мекенде медициналық нысан жоқ. 400-ге жуық ауылдағы емдеу мекемелері апатты жағдайда. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек инфрақұрылымы 50 пайызға ескірген. Елдегі 6 мыңнан аса ауылдағы денсаулық сақтау нысандарына осындай түгендеу жүргізілді. Алайда, нәтижесі көңіл көншітпейді. Оған кадр тапшылығын қосыңыз. Ауылдарда қазірдің өзінде 1000-нан аса дәрігер мен 700-ден аса медбике жетіспейді. Түптеп келгенде, осының бәрі, жергілікті халық денсаулығына кері әсерін тигізуде.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Ауыл халқының денсаулығына келетін болсақ, көбінесе 1-орында тыныс алу ағзаларының ауруларынан зардап шегеді, олар 42,7% құрайды. 2-орында ас қорыту аурулары. Ауылда, жалпы ел бойынша өлім көрсеткішінің құрылымында қан айналымы жүйесінің ауруларынан, қатерлі ісіктерден, тыныс алу ағзаларының ауруларынан болатын өлім қала тұрғындарына қарағанда басым.

Биыл 800-ге жуық жас маман ауылдарға аттанды. Бірақ бұл тапшылықты жоя алмайды. Депутаттардың айтуынша, кадр тартуға жергілікті атқарушы органдар да мүдделі болып, қолдауды арттыруы тиіс. Өзге көрші елдерде ауылға баратын жас дәрігерлерге әлеуметтік қолдау біздегіден 2-3 есе көп төленеді. 

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жергілікті тұрғындармен кездескен уақыттағы бірінші қоятын сұрақтары осы Қашан Қазақстанда біз азаматтарымызды дұрыс емдей аламыз?,-дейді. Расындада байлар Қазақстанда емделмейтін, ал кедейлерді емдей алмайтын жағдайға жеткен сияқтымыз, құрметті әріптестер. Кез келгенінен әлеуметтік сауалнама жүргізетін болсаңыздар, бірінші айтатыны – медицина саласына сенімсіздік. Неге кадр жетіспейді? Өйткені жергілікті әкімдіктер тарапынан әлеуметтік қолдау жоқ. Рас қой? «Дипломмен ауылға» деген бағдарлама өте сәтсіз аяқталды деп айтуға болады. Жергілікті әкімдіктер мәдени іс-шараларға, ескерткіш ашуға келгенде олар миллиондап қаражат табады. Ал ауылдағы азаматтарды емдеуге келгенде қаржы табылмай қалады. 

«Дипломмен ауылға»-ның орнына енді «Резиденттер ауылға» пилоттық жобасы пысықталуда. Жас мамандар оқу барысында елді-мекендерде міндетті практикадан өтеді. Осылайша, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы таныстырылды. Министр алдағы 2 жылда өңірлерде 253 медициналық пункті, 160 амбулатория, 242 фельдшерлік-акушерлік бөлімше салынатынын айтты. 32 ауданаралық көпбейінді аурухана ашылады. Бөлінетін қаржы 217 млрд теңге. 

Рухани Асқар, Нұрғали Мамырбаев, Ырыстанбек Оспанов