Елімізден ұшқан құстар қайда барып қыстайды?

Қара теңіз жағалауы. Жергілікті халық "құс жәннәті" деп атап кеткен, ерекше бақылауға алынған «Қызылирмақ» ұлттық қорығы.

Осы елдегі ең ұзын Қызыл өзенді жағалай орналасқан. Құс жәннатында Түркиядағы барлық 430 құс түрінің 320-дан астамы бар. Жоғалу алында тұрған 24 құс түрінің 12-сі де қорықшылар бақылауында. Бір қызығы, қазақ жерінде көптеп кездесетін аққу, үйрек, қоқиқаз, бірқазан, аққұтан, шағалалар мекен етеді. Тек кейбірінің атауы басқаша. Мысалы, біздегі бірқазан, мұнда балықшы құс деп аталады. 

Емине Топкая, өлкетанушы /Түркия/:

- Құстардан бөлек бұл жерде 66 балық түрі бар. 12-ге жуық дала сиыры (буйвол) бар. Биологиялық алуандылық бойынша 600-ге жуық өсімдік түрі де бар. Және осы төңіректе, табиғи ортада еркін жүрген 500-ге жуық жабайы жылқы бар. Қызылирмақ қорығы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұрасы алдын ала тізіміне енген.

Қара теңіз жағасындағы жауын-шашын жыл бойы біркелкі көп түсетін қалың орман. Сулы әрі жылы мекен. Қыста құстардың көбі осы аумаққа жиналады. Жазда Қазақстанды жайлаған құстар бұдан өзге де көптеген жылы мекендерді сағалайды. Мамандардың айтуынша қанаттылар миграциясы 65 елмен байланысты. Олардың алды Еуропа, АФрика, Таяу Шығыс және Шығыс Азияға дейін жетеді.

Әділбек Қозыбақов, тәуелсіз сарапшы /Қазақстан/:

- Жылдан жылға жылып келе жатыр ауа-райы. Осыған байланысты құстардың да ұшып-қонуы, миграция жолдары да сәл болса да өзгеруде. Бұрын кей құстарды аз кезіктірсек, қазір көптеп кезігеді. Кейбір құстар керісінше жоқ болып кетіп жатады. Маңғыстау облысын алатын болсақ, Қаракөл көлінде біздер 2016 жылдан бері жыл сайын қысқы санаққа қатысамыз. Сол қысқы санақ кезінде, қаңтардың ортасында біздер алғаш рет қыстап жатқан қоқиқаздарды көрдік. Оған дейін ешқандай ғылыми әдебиеттерден көрмеп едік.    

Біздің елде аққудың сыбырлақ, сұңқылдақ және кіші дейтін түрлері кездеседі.   Қазақстанда құстар әлемін зерттеп жүрген германиялық Янош Беккер де Ақмола облысында құстардың жаңа 11 түрі байқалғанын айтады.  

Янош Беккер, орнитолог-сарапшы /Германия/:

- Менің мақсатым - жалпы қоршаған ортаны қорғауға, оның ішінде құстарды қорғау жұмыстарына өз үлесімді қосу. Негізі зерттеу жұмыстарымды Германияда жүргіземін.  Бұл менің Қазақстанға алғашқы сапарым, Бурабайдағы Ұлттық парктің арнайы шақыртумен келгенмін. Тексеру барысында бұл жерді мекендеуі тиіс емес құстардың бар екенін анықтадық. Яғни, парктің берген тізімінде жоқ құстар табылды.  

Евгений Архипов, "Бурабай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкері: 

- Біздің мақсат Ұлттық парктегі сирек кездесетін құстар мен жануарларды анықтау. Қызыл кітапқа тіркелген құстар көбейді ме, керісінше азайды ма бәрін бақылаймыз. Оларды сақтап қалу үшін үнемі мониторинг жасап отыру қажет. Бұл жұмыстарға неміс ғалымдарын тартып отырмыз. Олар ақысыз зерттеу жүргізуге келісті. 11 құс бірлескен жұмыс барысында анықталып отыр. Сондай-ақ, Қызыл кітапқа енген 8  құсты да кездестірдік.

Құстардың көшіп қону бағыты мен мекен ету ортасын ауыстыруы әлі де зерттеуді қажет етеді. Мамандардың айтуынша бұл құбылысқа себепші фактордың бірі жаһандық климаттың өзгеруі.  

Бағдат Бектұрғанқызы, Талғат Адилов