Сырдарияның Аралға құятын жеріндегі бөгетті жөндеу жүріп жатыр

Сырдария өзенінің Арал теңізіне құяр сағасындағы Ақлақ су тоспасы жөнделіп жатыр. Гидронысанның алдындағы бетон төсеніштерді су шая бастағаны осыдан екі жыл бұрын байқалған. Бүгінде Сырдария өзені уақытша бөгелді. Ал теңізге су қалай түсіп жатыр? Стратегиялық нысан қашан іске қосылады?

Ақлақ су тоспасы Сырдария өзенінің Кіші Арал теңізіне құяр сағасындағы бөгет. Гидронысанға 2 жыл бұрын жөндеу жұмыстары қажет екені анықталған. Өйткені су тоспасының алдындағы мұзжарғыш бағаналар 2017 жылдан бастап біртіндеп құлап, су астына кеткен. 

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- О баста осы жерде мынадай бетон бағаналардың 9 данасы болған. Ал қазір небәрі 3-еуі ғана қалыпты. Өйткені әр жыл сайын көктемгі сең жүру кезінде біртіндеп бұзыла берген. Соның салдарынан өзеннің ағысы өзгеріп, мына су тоспасына айтарлықтай қауіп төндірген. 

Жұмыс күші мен техника жеткілікті. Құрылыс тиісті кестеге сай жүріп жатыр. Қазан айының соңына дейін стратегиялық маңызы бар нысанды қайта іске қосамыз,-дейді мамандар.  

Сәулебек Әуелбеков, "Қазсушар" РМК филиалы өндірістік учаске басшысының орынбасары:

- Қазіргі таңда ірі таспен толтырып мына жерді оның бетін сеткамен жауып, ең бірінші астының барлығын осы жердің өзінің көксазымен толтырылып, катокпен бастырылып, оның бетіне геотекстил деген бар, астынан су көтерілгенмен топырағын алып қалатын. Сол салынып, оның бетіне қамыс салынып. Қамыстың бетіне тас салынып, ірі таспен толтырылып жатыр.

Дарияны уақытша бөгеп, Ақлақты жөндеу жұмыстары басталғанмен, теңізге секундына 5 текше метрден астам су түсіп тұр. Ол үшін Қарашалаң көлі арқылы бірнеше су арнасы іске қосылған. 

Серік Сермағамбетов, Арал ауданының әкімі:

- Бұл ағымдағы жөндеу жұмыстары. Бірақ бұл ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізбасек, қауіпті жағдай туғызуы мүмкін еді. Оған Қазсушар мекемесі өз күштерімен жұмыстарын атқаруда. Бұған 200 миллиондай шамасында қаржы бөлінген. Соны қазір өз күштерімен жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

- Ақлақ су тоспасының алдындағы уақытша бөгетке қауіп төндірмеу үшін Көлдер жүйесіне су түсіретін су арналары шұғыл тазалануда.

Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов