Шымкентте өндірістік туризм өркендейді

Шымкентте өндірістік туризмге басымдық беріле бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді үшінші мегаполиске барған әрбір саяхатшы арнайы экономикалық аймақта орналасқан кәсіпорын жұмысымен танысып, өнім дайындау процесін де көре алады. «Осылайша, салалық туризмді дамыту арқылы шаһарға келушілер санын едәуір арттыруға болады», – дейді мамандар. 

Шымкенттің туристік мүмкіндігін ұтымды пайдалану үшін салалық саяхат турларын ұйымдастыруға басымдық берілді. Сондықтан тур операторлар көрікті орындар мен қасиетті кешендерді аралау, экологиялық туризм мен ойын-сауық бағдарламаларына өндірістік тур да қосты.

Ерлан Қыдыров, қалалық Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы:

- Ол жақтарға біз арнайы маршрут жасағанбыз. Әрбір келген турист ол әлеуетті инвестор. Сондықтан зауыттар мен фабрикалар өздерінің шығаратын өнімдерін қалай дайындайтынын көрсетеді. Гид экскурсоводтардың қызметін арттыру мақсатында жылына екі рет арнайы шеберлік сыныбын ұйымдастырамыз.

Арнайы экономикалық аймақта орналасқан кілем фабрикасы алғашқы болып туристерге есігін ашты. Кәсіпорын қажетті шикізаттың 80% өзі шығарып, жылына алты миллион шаршы метр кілем тоқиды. Қонақтарға кілем тоқу технологиясы кеңінен таныстырылды.

Ахмет Гюль, турист /Түркия/:

- Әрине, мен үшін саяхаттың бұл түрі қызық.  Өйткені біздің елде тоқыма саласы жақсы дамыған. Бұл бастаманы қолдаймын. Тек туристердің тасымалы жүйеге қойылуы керек. 

Алайда өндіріс жұмысшылары үшін қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, бар уақыттын ақпаратты бөлісуге жұмсау үйреншікті жағдай емес.

Нұрғали Тоқсанбай, өндіріс басшысы:

- Бұл туристік объект болмаған соң қиындықтар бар. Бірақ сонда да келген адамдардың бізге пайдасы бар деп есептеймін. Неге десеңіз, бізді жергілікті халықтың өзі кілем фабрикасы бар екеніне сенімділікпен қарамайды. Бізді кілемді сатумен ғана айналысады деп ойлайды. Сол себепті дамып, елге танымал болу үшін маңызды деп есептеймін.

Саяхатшыларды өндіріс орындарынан емес, қаланың өзге көрікті орындарынан көп кезіктіруге болады. Өйткені туризмнің бұл саласында жарнама аз. Әзірге келушілерді тарихи кешендердің көбірек қызықтырады.

Шон Фарис, турист /АҚШ/:

- Маған өндірістік туризмге қарағанда тарихи кешендерді аралаған ұнайды. Бұл сол елдің тарихын біліп, мәдениетін тануға мүмкіндік береді. Ал қаланың қасиетті орындарын таныстыратын білікті мамандар көп болса екен деймін.

Шаһарға өткен жылы 315 мың адам келсе, биыл бұл көрсеткіш тоғыз айда орындалды. Ал шет елден келген қонақтар саны екі есеге дейін өсті. Туризм басқармасындағылдар алдағы 3 жылда шаһарға келушілер саны 8 миллионға жетеді деп болжап отыр. Оған өндірістік бағыттың әлеуеті өз үлесін қосуы керек. 

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов