Қызылорда облысында туристер қатары артты

Қызылорда облысындағы туристер жиі келетін аймақтардың бірі – Арал теңізі мен Қамбаш көлі. Еліміздің өзге өңірлері мен шетелдерден келген қонақтар көбіне Көк Арал бөгеті мен теңіз табанындағы көне қалашықтардың орнын тамашалауға асығады,

деп хабарлайды «Хабар 24».

«Соңғы уақытта аудан көлеміндегі өндірістік нысандарды көруге қызығушылық таныта бастаған шетелдіктер қатары артып келеді», – дейді мамандар. Олар көбіне бейнематериалдар әзірлеп, ғаламтор желісіне жариялайды екен.

Данияр Қаржаубаев, Арал аудандық Кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің маманы:

- Сондай-ақ бізден шығып жатқан балық өңделетін 9 үлкен зауытымыз бар. Ондай келуші алыс-жақын Еуропадан да келетін туристердің саны өте көп. Бұдан бөлек Қазақстанның топ 50 туристік орнына кіретін біздің  ауданымызға қарасты Қамбаш көлі бар. Сырт жақтан жылына 100 мыңға жуық туристерді қабылдайды. 

Пандемия жарияланған екі жылда Сыр өңіріне атбасын бұрған туристер легі айтарлықтай азайған еді. Ал биыл олардың қатары 50 мыңнан асқан. Облыста өнеркәсіптік туризм бағытындағы жобалар енді қолға алына бастағанмен, медициналық және экологиялық туризмнің даму қарқыны жақсы. Мәселен, биыл өңірге 15 мың адам ем алу үшін келсе, 20 мың адам экологиясын тамашалауға қызыққан. «Дегенмен Байқоңыр төңірегіндегі жобалар бойынша әлі де шешілмеген түйін көп», – дейді мамандар. 

Мұхтар Жетілгенов, облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы:

- Шетелден келетін азаматтарға құжаттарын тексеруге құжаттарына өтінім беруге осы туристік мақсатта қыдырушы азаматтарға 55 күн қаралған. Біз оны қысқарту бойынша ресейлік әріптестермен бірге жұмыс жасап жатырмыз. Оны 15-20 күнге қысқарту бойынша. Сонымен қатар Қазақстандық турфирмалардың қазір Байқоңыр ғарыш айлағында жұмыс жасауы шектелген. Осы мақсатта да біз қосымша бірқатар ұсыныстар беріп қазір Үкімет деңгейінде бұл мәселені қарап жатыр.

Алдағы уақытта Қамбаш көліне баратын 1,5 шақырым жол жөнделіп, 100 көлікке арналған автотұрақ салынбақ. Арал ауданындағы «Екінші Дубай» аталып кеткен Шижаға елді мекенінде түйемен, жол талғамайтын көлікпен серуендеуді ұйымдастыру бағатында да жобалар дайындай жоспарда бар. Мұнан бөлек, 10 тарихи-мәдени ескерткіш абаттандырылады.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов