Жетісу облысында күріш ору науқаны аяқталып келеді

Дихандар ауа райы қолайлы болса, жайқалған өнімді бірер аптада жинап аламыз деп отыр.

Арман Ахметбаев әрбір жайма шуақ күнді пайдаланып, жаздағы еңбегінің өтемін шашау шығармай жинап алуға тырысып жатыр. Алдыңғы жылғы құрғақшылықтан жапа шеккен шаруа екі жылдан бері жерінің жартысын ғана игеріп келеді.

Арман Ахметбаев, шаруа:

- Алдыңғы жылы 500 гектар, ал былтыр және биыл екі есе аз ектік. Өйткені су тапшылығы қайталана ма деп қауіптендік. Әрі жерді демалдырдық. Келесі жылы ауа райы қолайлы болып, су мөлшері көбейсе, онда біз де егістік ауқымын ұлғайтамыз.

 

Шаруашылықта 2016 сервистік дайындау орталығы құрылған. Соған байланысты лизингке екі комбайн, 6 трактор берілді. Дихандар дала төсін дүбірге бөлеген сол техникамен егістік алқаптағы күріштің 90% жинап болды.

Вилорий Цой, агроном:

- Гектарына 30-40 центнерден өнім алып жатырмыз. Нақтысын науқан аяқталғанда есептеп шығарамыз. Десек те 40 центнерден кем болмайды деп отырмыз.

Аудандағы оннан аса шаруашылық күріш өсіруді кәсіп етеді. Олар аталған дақылды 950 гектарға сепкен. 

Данияр Кәкімов, аудандық Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- 2021 жылы 3 мың тоннаға жуық күріш өнімін алғанбыз, биылғы жоспар бойынша сол 3 мың тоннадан асамыз деп отыр. Орташа шығым – 30-40 центнер.

Облыста дәнді-дақыл егілген егістік алқаптардың тең жартысы орылды. Ал картоп, көкөніс жинау науқаны осы аптада аяқталады.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов