ШҚО-дағы екі бірдей ауылда құбыр бар да су жоқ

Шығыс Қазақстандағы Самар ауданында екі бірдей ауыл орталықтандырылған ауыз суға жарымай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір қызығы бұл елді мекендерге су құбыры тартылып, қолданысқа беріліп қойған. Алайда бір тамшы су көрген жоқпыз дейді жұрт. Билік өкілдері болса тұрғындардың өздері кінәлі санап, жайбарақат жүр. 75 жастағы Назира әжей Көкжыра ауылының белсендісі. Зейнеткер орталық жүйеден ағатын ауыз суды күте-күте әбден зарығыпты. Өзі үйдегі құдығынан тұщы су тартылып қалғалы тұзды су қолданып жүр.

Назира Қоқашпаева, Көкжыра ауылының тұрғыны:

– 550 миллион теңге алды дейді су жасап жатқандар, сол топырақ астында қалды, көкжыра бойында түк те жоқ. Мен қабылдаған жоқпын дейді осындағы әкім.

Райхан Құсайынова – 10 баланың анасы. Ауыз суға тарығып отырғандардың бірі. Магистаральда су бар ма, жоқ па ешкім тексермеген. Сондықтан үйге су тартып, бос шығындала алмайтынын айтады.

Райхан Құсайынова, Көкжыра ауылының тұрғыны:

– Үйдің маңайына дейін қазып әкеп беремін деді, оны әрі қарай тартатын менің құралым жоқ, екі балам студент. Мектепте алты оқушым бар, балабақшаға 2 жастағы ұлым бар оны да кіргізем.

Көкжырадағы су тарататын станция расымен де жұмыс істеп тұрған нысанға ұқсамайды. Маңайын арам шөп басып иен жатыр. Оның үстіне әр жерден қазылған ордан мал өте алмай жүр. Тура басындағы құдыққа ешкі құлап өлгелі бірнеше күн болса да, оның өлексесін шығарған жан жоқ.

Іргедегі Құлынжон ауылында да осындай жағдай. Жергілікті жұрт екі жұмысшы бір трактор атқарған шаруадан нәтиже көрмедік деп зар илеп отыр.Серік Ғабитов бұл мәселені жыл сайын көтеріп келеді.Бірақ бір рет жарытымды жауап алмапты.

Серік Ғабитов, Құлынжон ауылының тұрғыны:

– Бізде осылай айтады. Мердігер қайда? Көрген жоқпыз. Білмейміз. Екі жұмысшы, бір трактор болды, түк жоқ басқа, түк жоқ.

Округ әкімі ауыз судың берілмеуіне тұрғындардың өзі кінәлі деп салды.Өйткені жоба басталғанда әр ауылдан 40-50 адам су  тартқызамыз деп қолдапты.Енді ол ойларынан айнып қалған дейді.

Самарқан Демесінов, Құлынжон ауылдық округінің әкімі:

Бізге байланысты емес, халыққа байланысты. Халық тізімге жазылғанда 40 адамнан көп жазды, сол қосылса, суды қосатын еді, енді өздері қоспайды. Бізде қаражат жоқ,оларды қосып беретін.

Алайда ауылдықтар магистарльға су келіп тұрғанына күмәнмен қарайды. Сондықтан округ әкімі ауыл тұрғындарымен арнайы комиссия құрып, құбырдың жұмыс істеп тұрғанын дәлелдейтін болды. Тұрғындар тек содан кейін ғана үйлеріне су құбырын тартып кіргізбек.

Авторлары: Эльмира Ахметова.Жігер Бабаханов