Атырауда жол апаты жиілеп кетті

Атырауда қараусыз жүрген малдың кесірінен жол апаты көбейген. Жыл басынан бері 76 жол-көлік оқиғасы болып, 5 адам түрлі дәрежеде дене жарақатын алған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тек қыркүйек айында 27 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның ішінде 9 оқиға облыстық маңызы бар «Атырау – Индер» тас жолында 18 дерек республикалық маңызы бар авто-магистральда болған. Күре жолдың бойында жайылатын малдың иесін табу да оңай емес. Олар тек өрт түлігі көлікке соғылып өлгенде ғана шағымданады. Ендігі жерде тәртіп сақшылары тасжолдардағы қырағылықты күшейтпек. Сондай-ақ жол апатына кінәлі деп танылған мал иесі зардап шегушінің материалдық шығынын толық өтейтін болады. Қазір жергілікті полиция қызметі басқармасының қарауында мал иелеріне қатысты 300-ден астам іс бар.

Аманжол Жұмалиев, жергілікті Полиция қызметі басқармасының аға уәкілі:

– Қалған 71 дерек кінәлі тарапты анықтай отыра, ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 410 және 408-баптарымен кінәлі тараптар жауапкершілікке тартылды. Мал иелеріне ескертетініміз: иесіз малды жайылымға жібермеу, соның ішінеде тас жолдың жиегіне жақындатпау. Егер мұндай жағдай қайталатын болса, аталған малдың иесі ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 408-бабымен жауапкершілікке тартылады.