Астанада полиция күшейтілген түрдегі қызметке көшті

Саяси іс-шаралаға толы аптада Астанадағы қауіпсіздікті нығайтуға ерекше көңіл бөлінеді. Шетел басшыларының сапарына байланысты полицейлер күшейтілген тәртіптегі қызметіне көшті. Сондай-ақ елордамыздағы мектептің оқушылары 13-14 қазанда қашықтан оқиды.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Елорданың сол жағалауы әкімшілік аудан саналатыны белгілі. Мұндағы министрліктер үйі сияқты бірқатар мемлекеттік нысан орналасқан Мәңгілік ел көшесінде жай күндері де кептеліс жиі болады. Алайда Қазанның 10-ы, дүйсенбіден бастап, аптаның соңына дейін бұл көшемен қатынау тіптен қиындай түспек. Cалдарынан Мәңгілік елмен шектесетін өзге де көшелерде кептелістің туындау ықтималдығы артады. 

Сонымен қатар Достық, Қонаев көшелері мен Тұран даңғылында қозғалыс шектеледі.  Бұған Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі саммитінің өтуі себеп. Саяси жиынға 18 мемлекеттің делегациясы қатыспақ. Білдей 11 елдің Президенті жоғары мінберден сөз сөйлеп, кездесулер өткізеді.  Жоғары мәртебелі меймандардың келуіне байланысты жолдағы қозғалыс ерекше бақылауда болмақ.

Арман Айтмағамбетов, жергілікті полиция басқармасының басшысы:

- Осы орайда полиция департаменті қала тұрғындары мен қала қонақтарына жолдағы ережені сақтай отыра, қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлап, мейлінше қоғамдық көлікпен жүруге кеңес береді.

Бұл күндері бас шаһардағы қауіпсіздікті қамтуға баса мән беріледі.  Сондықтан тәртіп сақшыларымен қатар, бұл іске қорғаныс министрлігі және әскери полиция жеке құрамының жұмылғаны ғажап емес.  Оған қоса, жергілікті полиция басқармасына көмекке өзге өңірлерден 200-ге тарта сақшы тартылған. Қаланың кіреберісінде алты блок-бекет қойылды.

БЛИЦ:

- Мұндай блокбекет көптеп бері қойылмап еді, қазір тағы қойғанын көріп отырмын. Өткенде карантин деп қойған еді, қазір неге бақылауды күшейткенін білмейді екенмін.  

- Дұрыс қой, тексеріс керек қой. Әр жақтан келеді, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, тексеріс керек қой, как положено.

- Ресей Президенті келе жатыр деп естідім. Бақылау сол себепті күшейген шыған деп ойлаймын.

Аймақ елдері үшін саяси маңызы зор саммиттің өтуі қаланың тыныс-тіршілігіне әсер етпей қоймасы анық. Кептелістің салдарынан оқушылардың сабаққа кешігуін болдырмас үшін білім басқармасы қашықтан оқыту режиміне көшіруге шешім қабылдады.

БЛИЦ:

- Мектепте оқығандары жақсы ғой. Өзіміз бәріміз жұмыстамыз. Жалғыз қалады, қараусыз қалады. 

- Мұғалімдер жалпы дайын деп ойлайды. Пандемия басталған кезде соған қарағанда қазір басқаша. Зум да бар, класрумда бар, көшу керек десе, көшуге болады. 

- Балалар екі-үш күн сыныптағы сабаққа қатыса алмас. Бірақ ертеңгі күні осындай тарихи маңызы зор оқиға болды деп еске алады. Сын-қатерге толы заманда түрлі елдің президенттері Қазақстанда жиналып, бір мәмілеге келетін болса, оқушылар бұны тарихи оқиға ретінде естерінде сақтайды.

Айта кетейік, көші-қон заңнамасының бұзылуын анықтау мақсатында бұл күндері арнайы жедел профилактикалық іс-шаралар қатар жүргізіледі. Осы ретте тәртіп сақшылары тұрғындарды мейлінше түсіністік танытуды сұрайды.

Бақыт Топтаева, Мұрат Әріпханов