Көкшетауда қоқыс шығару ақысы қымбаттайды

Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мәліметі бойынша тариф бірден 3 жарым есеге дейін көтерілмек, деп хабарлайды «Хабар 24».

 Оны тіпті, жергілікті мәслихат бекітіп те қойған. Яғни келесі айдан бастап көпқабатты үйлердің тұрғындары кісі басына 500, ал жеке үйде тұратындар 580 теңгеден төлей бастайды. Мұны жауаптылар, қымбатшылықпен байланыстырады. Олардың айтуынша тұрмыстық қалдықтарды шығаратын кәсіпорындардың көбі қарызға батқан. Техникалары ескіріп, қоқысты уақытылы жинауға үлгермей жатады. Біразы тіпті, бұл істен бас тартқан. Әкімдіктегілер астаналық компаниялардың бірімен келісім-шартқа отырып, жаңа тариф бекітуге мәжбүр болдық деп отыр.

Ерболат Серікпаев, қалалық ТҮКШ бөлімі жетекшісінің орынбасары:

– Қазіргі бағалар былтырғымен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Оны бәріміз көріп, біліп отырмыз. Мәселен, өткен жылдың көктемінде дизель жанармайының литрі 187 теңгеден болса, қазір ол 260 теңгеден сатылып жатыр. Оған қоса техникалардың қосалқы бөлшектері де қымбаттады. Айта кету керек, біздегі ескі тариф 2012 жылы бекітілген. Міне, содан бері көтерілген емес.