Алматыда ауадағы зиянды қалдықтар шамадан тыс артқан

Алып шаһарда көлік көп, қаланың орналасуы да ауаның алмасуына кедергі. Екінші жылу электр орталығынан ауаға тарайтын зиянды қалдықтардың үлесі де басым, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Мына құрылғылар атмосфералық ауадағы зиянды заттардың үлес салмағын үздіксіз бақылап отырады. Қаладағы 16 бекеттің нәтижелерін саралаған мамандар соңғы уақытта көрсеткіштердің белгіленген мөлшерден асып кеткенін айтып, дабыл қағуда. Әсіресе ауадағы күкірт тотығының орташа тәуліктік шоғырлануы қалыпты нормадан көп.    

Дінмұхаммед Лесбеков, Алматы қаласы бойынша мемлекеттік экологиялық инспектор:

- 2022 жылдың 8 айының қорытындыларына, мәліметтеріне сүйенетін болсақ, атмосфералық аудағы зиянды заттардың, оның ішінде күкірт диоксидінің, азот диоксидінің, азот оксидінің, бензол, бенсперен, формальдегид зиянды осындай ингредиенттердің шамадан тыс ластану фактілерін жиі тіркеп отыр. Жылыту мезгілі басталмаса да осындай шамадан тыс ауытқу фактілері тіркеліп отыр. Неге? Өйткені автокөліктердің үлес салмағы едәуір кері әсерін тиігізіп отыр.

Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, Алматыда тіркелген 553 мың автокөліктің 50% ескірген. Оған төменгі аудандардың әлі де көмір тұтынып отырғанын қосыңыз. Ал жылу электр орталығынан ауаға тарайтын зиянды қалдықтар тіпті орасан. «Тығырықтан шығар жол бар», – дейді отандық ғалымдар. Сокольский атындағы жанармай, катализ және электрохимия институты ірі өндіріс ошақтары мен автокөліктерге арналған улы қалдықтарды бейтараптандыратын сүзгі ойлап тапты.

Болатбек Хусаин, Д.В. Сокольский атындағы жкэ институты бас директорының орынбасары:

- Институт ғалымдары көмірді қолданатын кәсіпорындарға зиянды қалдықтарды толығымен тазартуға мүмкіндік беретін сүзгілерді орнатуды ұсынады. Есесіне жылу электр орталығы жыл сайын ауаға шығаратын сол 42 мың тоннаны пайдалы өнімге айналдыруға болады. Мәселен, қалдықтардан қала құрылысына қажетті 160 тонна гипс алуға болады. Бұл сүзгілер жылу орталығын көмірден көгілдір отынға ауыстыруға қарағанда әлдеқайда арзанға түседі.

2019 жылғы мәліметке сәйкес Алматыдағы Екінші жылу электр орталығы жылына 2,5 млн тонна көмір жаққан. Ал одан ауаға тарайтын зиянды қалдықтар 42 мың тоннадан астам. «Ауаның ластануын тоқтатпасақ, ұрпақтың саулығы туралы айту артық», – дейді мамандар.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов, Әбен Нарымбаев