Оралда бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

Батыс Қазақстан облысында 10 мыңнан аса адам жұмыссыздар санатында тіркелген. Өзекті мәселені оң шешу мақсатында өңірде бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі жиі өтіп тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кезекті жәрмеңкені қалалық Жұмыспен қамту орталығы ұйымдастырды.

Жәрмеңкеге өңірдегі 40 шақты жұмыс беруші кәсіпорын қатысты. Ал екі қолға бір күрек тапсам деп келгендердің арасында жасы да жасамысы да жетерлік. Түйіндеме тапсырғандардың бірі Амангелді Әнесов электр монтажы мамандығын меңгерген. Бұған дейін Теңіздегі компанияда жұмыс істепті. Қысқарған соң жұмыссыз ретінде тіркелуге мәжбүр.

Амангелді Әнесов, қала тұрғыны:

- 20 жыл тәжірибем бар. Қарап жатырмын, Бір-екі жерге бардым, кел деп қалды. Тілдесуге ертең кел деді.  

Жәрмеңкеге 500-ге тарта тұрғын қатысты. Шараны ұйымдастырушылар нақты 100 шақты адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ ниетте. Олардың жұмыс беруші кәсіпорындардың көмегімен қайта даярлаудан өтіп, қажет мамандықты меңгеруіне де мүмкіндік беріліп отыр.  

Исатай Мыңбаев, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

- Аталған шара осы жұмыс іздеушілерге өз бетінше еңбек нарығындағы сұраныс бойынша өзіне қажетті мамандық табуына көмектеседі. Сонымен қатар жұмыс берушілерге өз кезегінде қажетті жұмыс күшін тартуға зор мүмкіндік беріп отыр.

Еңбек нарығында негізінен жұмысшы және техникалық мамандықтар сұранысқа ие. Соның ішінде жүргізушілер мен орта деңгейлі инженерлер және жол құрылысы саласының мамандары ауадай қажет. Түйіндеме қабылдағандар қатарында IT кәсіпорындар да аз емес. Айта кету керек, жыл басынан бері аймақта 30 рет бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 3 мыңдай адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жыл соңына дейін тағы  5 мәрте жәрмеңке өткізу жоспарланып отыр.    

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов