Елімізде оқушыларға арналған құрал-жабдықтар қымбаттауда

Оқушыларға қажетті құрал-жабдықтарға баға өскен. Қалам, сурет салуға арналған альбом және басқа да заттардың құны жоғары, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сарапшылардың айтуынша, кеңсе тауарларының бағасына Ресейге салынған шектеулер әсер еткен. 

Мария Беликова екі қыз тәрбиелеп отыр. Екінші сыныпта оқитын үлкен қызын мектепке дайындаған кезде құрал-жабдықтардың қатты қымбаттағанын байқаған. Өткен жылмен салыстырғанда едәуір өскенін айтады.

Мария Беликова, қала тұрғыны:
- Мен базарға барып, мектепке қажетті ұсақ-түйек заттарды, бірнеше дәптер, қаламсап сынды заттардың өзін 6500 теңгеге сатып алдым. Мысалы, дәптерді биыл 40 теңгеден алдық. Бірнеше есеге өсіп кеткен
.

Мектепке қажетті құрал-жабдықтар ұсақ көрінгенімен, түптеп келгенде көптеген тұрғынның қалтасына ауырлық етеді. «Мұндай жағдайдан шығу үшін Үкімет кеңсе тауарларына арнайы баға бекітіп, әлеуметтік тауар санатына енгізсе», – дейді тұрғындар.

Екатерина Лигуз 5 жылдан бері кеңсе тауарларын сатумен айналысады. Кәсіпкердің айтуынша, негізінен қағаздан және пластиктен жасалған тауарлар қатты қымбаттаған. Өйткені отандық өнімдер аз, көбі Ресей мен Қытайдан импортталады.

Екатерина Лигуз, кәсіпкер:
- Өткен жылмен салыстырғанда баға айтарлықтай өсті. Бұған теңгенің бағамы да әсер етті. Өткен жылы ресейлік зауыттар тауар бағасын 20 пайызға көтерген болатын. Отандық дәптерді былтыр 30 теңгеден сатсақ, биыл 45 теңгеден сатып жатырмыз.

«Кеңсе тауарларының қымбаттауы шикізаттың бағасына да тәуелді», – дейді сарапшылар. Өйткені, еліміздегі өндіріс орындары шикізатты да шет елден сатып алады. Оған қоса, әлемдегі саяси ахуал мен теңгенің құнсыздану да негізгі факторлардың бірі.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов