Павлодар облысында орман қорғау жұмысын атадан балаға мұра қылған әулет бар

Павлодар облысындағы «Ертіс орманы» табиғи резерватында жүзден аса орманшы әулеті жұмыс істейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Отыз алты жылда 30 мың гектар алқапқа қарағай егуге атсалысқан Самат Әмірқайыров зейнетке шықса да, еңбектен қол үзбепті. Оның жары Мүгіл апай да осы салада жұмыс істейді. Олардың ізгі жолын балалары жалғастырып жатыр. Әмірқайыровтар отбасының барлық мүшесі өмірін орманмен байланыстырған.

Ну орманның ортасында тұрған алақандай ауыл – Әмірқайыровтардың ата қонысы. Шалдай ауылынан 18 шақырымда жатқан елді мекенге білмейтін адам жол тауып бара алмайды. Мұнда мүлгіген тыныштық. Мобильдік байланыс пен сапалы жол жоқ. Есесіне табиғатпен біте қайнасқан өмір бар. 

Асхат Әмірқайыров, бас орманшы, мемлекеттік инспектордың орынбасары:

– Әке-шешеме қарап, олардың жұмыс істегендері, атқарған жұмыстары маған үлгі болды да мен сол салада қалып, олардың жолдарымен жүріп барам деп айтуға болады. Менің қарындасым мен інім де сол салада қалып, біздің әкеміз-шешемізге қарап, осы мамандықты таңдап алған 

Орманшылықтың барлық сатысынан өткен Самат аға балаларын кәсіптің қыр-сырына баулыды. Орман тек өсіп тұрған ағаштар емес.» Ондағы тіршілік иелері де қамқорлық пен жанашырлықты қажет етеді», – дейді ол. Бір инспектордың қарамағында мың гектардан астам орман алқабы болады. Соңғы жылдары қарағайға қасақана от қою, заңсыз ағаш кесу, браконьерлік оқиғалары тіркелмеген.

Самат Әмірқайыров, мемлекеттік инспектор:

Қауіп біреу-ақ қана. От, от. Оттан сақтау сол. Мынау шөп кезінде жауын болғанда «сухая гроза» дейді сондай кездер де болады. Күз кезінде мына шөп басталады сол кезде енді жақын ауылдардағы тұрғындарға, ауылда тұрғаннан кейін ол кісілерге де мал шөбі бар шабады біздің аймақтан, енді айтып отырамыз

Өртке қарсы күрес жұмыстары, әсіресе, көктем, күз айларында күшейеді. Самат ағаның жұбайы да орман өртінің алдын алуға күш салып келеді.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

Мүгіл апай мына биіктігі 33 метр болатын мұнарада 8 жыл жұмыс істепті. Әлі күнге дейін осы мұнараға келіп, орманды үстінен бақылап тұрамын дейді. Бізде осы мұнараға шығып көруді жөн көрдік

Мүгіл Әмірқайырова, мемлекеттік инспектор:

Орманымызды күзетеміз. Мына жақта Ресей Федерациясы. Мына жақта ауылдар. Түгелін азимутальный кругпен анықтаймыз жанған жерді. Рациямен айтамыз. Сонда Шалдайдан градус соғып біледі қай кварталда не жанып жатқанын Мынау енді біздің өкпеміз ғой, қайда жүрсек те немене істесек те ойлап отырамыз біздің орманымыз тек жанбасын, тыныштық болсын деп

Өрт қаупі жоғары маусым сәуір айынан басталып, қар түскенге дейін жалғасады. Мұнарада жұмыс істеу оңай емес. Аптап ыстықта немесе желдің өтінде 8 сағат отыруға тура келеді. Тек биыл ғана жұмыс жағдайы жақсарған. «Ертіс орманы» табиғи резерватындағы барлық мұнарадағы адам отыратын орын  пластикпен қапталыпты.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

– Бақылаушыны орманшылар орманның көзі деп атайды екен. Олар қай жерден өрт шыққанын бірінші болып хабарлап қана қоймай, сол жерге қалай жету керектігіне бағыт-бағдар беріп отырады. 

Қазір күзгі ағаш егу науқаны жүріп жатыр. Ертіс орманы осы маусымда 419 гектар алқапқа қарағай көшеттін егуді жоспарлап отыр. Үздіксіз жүргізілетін орманды қалпына келтіру ісіне Әмірқайыровтар әулеті де зор үлес қосып келеді.    

Самат Әмірқайыров, мемлекеттік инспектор:

Жүргізуші де болдым. Өрт сөндіру машинасының жүргізушісі болдым, енді орманшы болып, міне, енді зейнетке шығып жатырмын. 86-дан бері осылай санаған кезде жобалап келгенде бір 30 мың гектар ағаш егіп, соған қатысқанмын. 

Мейрам Ибрагимов, бас орманшы, мемлекеттік инспектор:

– Зейнетке шықса да бұл кісіні біз әлі осы орманшылықта ұстап отырмыз. Бұл кісілердің былай айтқанда, тәжірибелері мол, бізге көрсететін, білмегенімізді үйрететін бұл кісілердің жағдайы бар. Сондықтан бұл кісілер бізде осылай жұмыс істейді бүкіл әулетімен. Қазіргі уақытта үлкен ұлы менде көмекші болып істейді. Екінші ұлы өрт көлігін жүргізуші, келіні радистка болып істейді, менде қызы істейді радистка болып мұнда.

Орман – адамзат баласының баға жетпес байлығы десек, оның бүтіндігі осы Әмірқайыровтар әулеті сынды өз ісіне берік көптеген қарапайым еңбек адамдарына байланысты. Бір ғана Первомайка орманшылығының аумағы 17 мың 856 гектарды алып жатыр. Жалпы «Ертіс орманы»  табиғи резерватында 100-ден аса орманшы әулеті бар екен.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс  Темірболат