Астанада жүк көліктеріне бақылау жоқ

Басқа тұрмақ Астананың өзінде салмағы 20, оның үстіне 40-50 тонна жүк артқан техникалар ерсілі-қарсылы жүйткіп жүр, деп хабарлайды «Хабар 24»

Елорданың шеткері аумағы тұрмақ, қақ ортасындағы асфальт атаулы езіліп, жеңіл көліктер асылып қалатын жағдайға жеткен. Ал қозғалысты реттейтін көліктік инспекциясы қауқарсыз. Көлік нөпірін цифрландыру арқылы қадағалауға болар еді. Жоба да, жоспар да бар. Көп ақша да қажет емес.

Елорданың жүк көліктеріне «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоқ. Жүкті қалағанынша артып, қаланың қақ ортасымен жүре берді. Әрине, шаһар үлкен болған соң құрылыс жүреді. Көлік кіреді. Бірақ оның салмағына да, үстіндегі жүктің ауырлығына да тежеу жоқ. 

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

-  Міне, біз қазір Қарағандыдан Астана қаласына кіреберістегі жолда тұрмыз. Мамандардың айтуынша, ауыр жүк көліктерінен зақымданған. Қазір мамандар тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Қуаныш Төлеуханов, Жол активтері ұлттық сапа орталығының инженері:

- Жолдың тереңдігін өлшеп жатырмыз. Осы жерде тереңдігі 7 сантиметрден асады. Ал жол қозғалысы қауіпсіздігіне үш сантитметрден асқан кезде әсерін тигізеді. Бұл жерді апаттық жер деп санауға болады. Талаптарға сай келмейді. «Астана-Қарағанды» тасжолының бойында ойық жолдар көп. Олар жүкпен келеді де, ал артқа қайтқанда жүксіз қайтады. Қарсы жолаққа шыққанда байқауға болады. Оңтүстік айналма жолан бастап қаланың кіре берісіне дейін осындай ақаулар көп.

Шалқар Қасымханов, Жол активтері ұлттық сапа орталығы сапа департаментінің директоры:

- Бұл өте өткір мәселе. Біз бұл мәселені министрліктің, үкіметтің деңгейінде әрқашан күн тәрбінде қозғаймыз. Жүк көліктеріне тек 10 тонна рұқсат етілген. Жолдың сапасына әсер ететін фактордың бірі осы. Біздің автомобиль жолдары белгілі бір салмақта есептеліп жасалады. Егер ол салмақтан асырып, жүк таситын болса, біздің жол жапа шегеді. Осындай ақау пайда болады. 

Ал көліктерді бақылап отырған инспекцияның құзіреті заңмен шектелген. Құзырлы орган мамандары жауапсыз жүргізушілерді жауапқа тартпақ түгілі тоқтатуға қақысы жоқ.

Талғат Мырзакәрімов, Көліктік бақылау инспекциясының бөлім басшысы:

- Көлік келе жатыр. Бірақ көлікті тоқтата алмаймыз. Себебі ауыр салмақ бойынша тек заңда ғана жазылған. Негізсіз тоқтата алмаймыз. Қазір біздің келгенімізге 5 минуттай уақыт өтті. Барлығында ауыр жүктері бар. Бірақ бақыланбайды. Егер қазір тоқтатсақ, әр машинаны заңды бұзу деген сөз. Заңда жазылғандай, тек қана интеллектуалдық транспорттық жүйе негізінде ғана тоқтатылады.

Инспектор айтқан САИС – автоматтандырылған жүйе. Ол толық салынбай жатып көліктік бақылау инспекциясының құзіреттілігіне заңмен шектеу қойылғаны түсініксіз. Тас та, құм да, топырақ та қаладағы құрылыс алаңдарына тасмалданады. Тонна-тонна артық жүк тиеп, күндіз-түні ағылған көліктер бақылаусыз қатынап жатыр. Бір қызығы, автоматтандырылған өлшеуіш құралдары кіреберіске емес, керісінше шығаберіске орнатылған. Оның өзінде жүйе бірде істейді, бірде істемейді.

Арман Жүсіпов, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ақылы жолдар филиалының директоры:

- Астанаға кіреберісте САИС салынған. Бірақ шығуға салынған. Қаражаттың бөлінуіне қарай салынбаған. Қазір қаражат жоқ. Оны салуға шамамен 200 млн теңге керек.

Айналымда миллиардтаған қаржысы бар Ұлттық компанияда автоматтандырылған өлшеуіш құралдарын салуға 200 миллион теңге табылмай тұр. Есесіне миллиардтарға салынған жолдар бүлініп, рәсуа болып жатыр. Проблеманы жауапты министірден де сұрадық. Оның айтуынша, көліктік инспекция жүк тасмалдаушы, құрылыс компанияларымен сыбайлас болуы әбден мүмкін. Сондықтан бұл мәселені автоматты түрде реттеп отыруға күш салып жатыр-мыс. Алайда жоба күні бүгінге дейін жүзеге аспаған. Қашан болатыны да белгісіз.

Қайырбек Өскенбаев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Біз қазір іздестіріп жатырмыз. Негізгі цифрлық технологияларды іске асыру керекпіз. Олармен сөйлескенбіз. Бірақ олар әрбір түскен квитанциядан бізге қосымша төлем түсе ме деп отыр. Енді оған көне ме, көнбей ме білмеймін. Әлі келіспедік. Мүмкін басқа жолдары бар шығар. Бірақ қазір сол цифрлық жүйені жасауға тырысып жатырмыз. Биыл жасап үлгереміз бе деп едім. Бірақ болмай отыр.

Бұл тек елорданың ғана проблемасы емес. Аймақтарда да ұзақ жылдан бері созылып келе жатқан өткір мәселе. Бұл жөнінде талай рет көтеріліп, талай рет айтылып келсе де нәтиже жоқ. Ал жүйткіген жүк көліктерінің қозғалысын бір жүйеге келтірмесек, төккен тер, еткен еңбек еш кетіп, жолға жұмсалған сол миллиардтардың желге ұшқаны ұшқан.  

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Ерлан Наурызбаев