Ақтөбенің саяжай аудандарында электр желісі әбден ескірген

Ақтөбенің саяжай аудандарында жарық жиі сөнеді.

Қысқа тұйықталу кезінде тұрмыстық техниканың барлығы жанып кеткен. Ескі желі қазіргі қуаттылыққа есептелмеген. Шығынға белшеден батқан халық иесіз қалған электр желілерін мемлекет меншігіне алуды өтініп отыр.

Лайық Айтбаев үйде жарық өшсе, тұрмыстың қиындайтынын айтады.  Жылу жүйесі мен ауыз су да электр желісіне тәуелді. Ондайда баспана суып кетеді. Тоқ кернеуінің тұрақсыздығынан бірнеше рет ауыз су насосы да өртеніп кеткен. Бұл жолды да ауладағы құдықтан су ала-алмай отыр. 

Лайық Айтбаев, саяжай тұрғыны:

- Су беретін насос қой үйге кәдімгідей. Отопление, ішеміз осы насос арқылы. Из за этого перенапряжения мы страдаем. сгорел насос и телевизор.

Жетпістен астам түтіні бар саяжай тұрғындары шығын шаш етектен дейді. Жел соғып, күн бұзылған тіптен маза кетеді. Жауын-шашынның өзі ілекерлеп тұрған электр желілерін үзіп тастайды. 

Әлия Мұхитова, саяжай тұрғыны:

- Осы көшіп келгелі техникадан күймей жатқан нәрсе бар ма десейші. Бәрі күйіп жатыр. Қайсыбірін айтайық? Мына свет бізді шаршатты. Ақтөбенің өзінде тұрамыз. Ауылдық жердің өзінде свет постоянно бар. Бізде ондай жоқ. Сондықтан мына свет жағын бірдеме қылса дейміз.

Тұрғындар саяжайға шақталып тартылған электр желілері қазіргі қуаттылыққа шыдамайды дейді. Сондықтан  тоқ кернеуі тұрақсыз. Қосалқы электр станциясы биыл қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына берілгенімен мәселе шешілмеді. Жағдайды түзеу үшін саяжай ұжымына тиесілі барлық желіні жаңарту қажет.

Абай Орынбасаров, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

- Жаңалау үшін оны қанша участок бар, қанша жер телімі бар. сол арқылы жаңадан жоба жасалу керек ол жерге. Стандартқа сай келу керек. Содан кейін барып қызмет жасалады. Стандартқа сай болмағасын оны біз ала алмаймыз. Біреудің ауласымен өтеді. Құлайын деп тұрады бағаналар.

Ал тоқ кернеуінің тұрақсыздығынан істен шыққан тұрмыстық техника тұрғындар үшін шығын боп қала береді. Мамандардың айтуынша қысқа тұйықталудың салдарынан тіпті жоғары кернеулі қосалқы станциясының есептеу құрылғысы да пайдаға аспай қалған. 

Мансур Есхожин