Қазақстандық ғалымдар ІТ мамандармен smart жоба әзірледі

Жүйе мамандарға электрокардиограмманың нәтижесін қашықтан оқуға мүмкіндік береді. Яғни жасанды интеллект арқылы нақты диагнозды білуге болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

SMART ЭКГ технологиясы, әсіресе ауыл халқына тиімді. Енді басы ауырып, балтыры сыздаған тұрғындар аудан орталығындағы ауруханаға барып, электрокардиограммаға түседі. Одан кейін медбике диагностиканы арнайы платформаға енгізеді. 30 секундтан кейін нәтиже шығады.

Гүлнар Туралиева, медбике:

Бұрынғыдай лентаны қағаз жүзінде шығармаймыз, емдеушілердің мәліметтерін қолмен жазып, оны компьютерге жазып отырмаймыз. Сол үшін өте тиімді жүйе.

Наргиз Бекмағанбетова, тілші:

Мына жүйе арқылы кардиолог пен диагностика мамандары пациенттердің электронды кардиограммасын қашықтан оқи алады. Енді науқастың денсаулық паспортына диагностика нәтижесі әп-сәтте енеді.

Қазір бағдарламамен 80-ге жуық емхана жұмыс істейді. Бүгінде SMART ЭКГ Алматы, Астана қалалары мен Оңтүстік, Батыс, Шығыс, Түркістан облыстарында бар. Сондай-ақ жоба авторлары ЭКГ нәтижесін оқу үшін мобильді қосымшаны да жасаған.

Айнұр Ақшабаева, жоба менеджері:

– «Смарт ЭКГ» – қазақстандағы ең алғашқы жоба болып саналады. Ғылым қорының қолдауымен жүзеге асқан жоба. Пациенттер 200 шақырымдық жерлерге барудың қажеті жоқ. Өзінің емханасында түсіп, тікелей дәрігерге жібере алады. Дәрігер нәтижесін растай алады.

Айтпақшы болашақта смарт жоба халықаралық нарыққа шығуы мүмкін. Қазір көршілес елдермен келіссөз жүргізіп жатыр екен.

Наргиз Бекмағанбетова, Мұрат Әріпханов