Қостанай облысында өрттен баспанасыз қалғандарға арналған үй құрылысы аяқталуға жақын

Қостанай облысында орман өртінен баспанасыз қалғандарға арналған үйлердің құрылысы аяқталуға жақын.

Жаңа қалашық Әулиекөл ауданы орталығының іргесінен бой көтеріп жатыр. Алдағы аптада толық салынып бітіп, тұрғындарды қабылдауға дайын болады. Отқа оранған орманды қалпына келтіру жұмыстары да басталды. Қазан айының соңына дейін жиырма бес мың көшет қарағай мен қайың егу жоспарланған.

Бұл аумақ бір ай бұрын мидай дала еді. Енді қысқа мерзімде 91 үйден тұратын шағын қалашық бой көтеріп келеді. Жарық, су, жылу бәрі тартылған. Ішкі әрлеу жұмыстары ғана қалды. Тұрғындар дайын баспанаға қоныстануы тиіс.

Жұмагүл Рахметова, Әулиекөл ауданының тұрғыны:

- Тоңазытқышым, мұздатқышым, жиһазым, бәрі кетті. Қыста өзім тігін тігуші едім, бәрі дым қалмай өртеніп кетті. Далада қаламыз ба деп уайымдап едік. Құдайға шүкір үй берді. Қуаныштымыз соған.

Өрттен зардап шеккен бес кәсіпкерге қайырымдылық қорынан 42 млн теңге көмек берілді. Олардың арасында техникасына зақым келген шаруалар,  дәмханасы отқа оранған іскер жандар бар.

Нұрбек Әбдібеков, қайырымдылық қордың құрылтайшысы:

- Қыркүйектен бастап жұмыс істеп жатырмыз. Шамамен қазіргі уақытта 1 млрд 250 млн-дай жиналды. Ол қаражат республикамыздың түкпір-түкпірінен жиналып жатыр. Әлеуметтік желілерде, басқа БАҚ-та ақпаратты беріп жатырмыз. Себебеі халықтың ақшасы болғандықтан ең бастысы барлық ақша зардап шекендерге келу керек. 

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Бұл 30 га аумақ күлге айналған орманның орны. Қазан айынан бастап бұл жерде қалпына келтіру жұмыстары басталды. Бүгін мінеки мың жарым түп қарағай мен қайың отырғызылмақ. Әрине мұнда ең бастысы - көшеттердің көптігі емес, көктегені маңызды. 

Көгалдандыру жұмыстарына барлық мекеме өкілдері ат салысты. Сауапты іске 100-ге жуық адам тартылды. Бұған дейін Әулиекөл – Қостанай тас жол бойына тәлімбақтан алынған 260 түп қайың ағашы отырғызылды.        

Димаш Қожабеков, Табиғи ресурстар және және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

- Қайың ағашы өзіміздің Пригородный орман шаруашылығы тәлімбағынан алынды. Ал ірі қарағай Ақмола облысының Біржан сал ауданынан жеке тәлімбақтан кәсіпркерден алынды. Өйткені оның ұзындығы, биіктігі екі метрге жақындай болады.

Сырттан әкелінген бір қарағайдың құны 6500 теңге тұрады. Мұның бәрі  қор арқылы қаржыландырылып жатыр. Жалпы ормандағы ағаштарды кесу, тазарту жұмыстары қыс бойы жалғасады. Кейін оталған ағаштар кәдеге жаратылып, одан түскен қаражат орман шаруашылықтарына беріледі.  

Нұржан Ермағанбетов, қоғамдық қордың басшысы:

– Осындай оқиғадан мемлекет не береді деп ойлап жатқан жоқпыз. Өзімінің не мемлекетке отырғызамыз, не жасаймыз, өзіміздің болашағамызға не қалдырамыз деп бәріміз ағаш отырғызып жатырмыз.

Мамандардың айтуынша өртенген орманды түгел тазартып, көгалдандару үшін 10 жылдай уақыт кетеді. Қазан айының соңына дейін кемінде 25 мың жас көшет егу жоспарланып отыр.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров