Петропавл қаласында Құтқарушылар күні қарсаңында өрт сөндіру аялдамасы пайда болды

Петропавл қаласында Құтқарушылар күні қарсаңында өрт сөндіру аялдамасы пайда болды

Төтенше жағдайлар қызметкерлері есептен шығарылған ескі техниканы сырлап, жолаушылар тұрағына айналдырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сонымен қатар мамандар өрт сөндіру бөлімінде Ашық есік күнін ұйымдастырып, студенттерге шеберлік сағатын өткізді. 

 Соңғы күндері бұл аялдама автобус күтіп тұрған жолаушылардың жиі суретке түсетін орнына айналды. Өрт сөндіру бөлімінің мамандары ескі ГАЗ-51 техникасының кабинасын қалпына келтіріп, осында орнатып қойды. 

Самат Жапаров, №2 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бөлімшесінің командирі:

- Бұл – соғыстан кейінгі көліктер. Қазіргі таңда «раритет» дейміз ғой. Енді ол –  аялдама. Бәрі дән риза.

Құтқарушылардың қызметі кімге де болсын қызық. Төтенше жағдайлар мамандары тұрғындарға жыл сайын Ашық есік күнін ұйымдастырады. Бұл жолы да келушілер олардың бір күндік жұмысына куә болды. Әсіресе студенттер тәжірибе жинады.

 Виктория Ерёмина, студент:

- Басында қорқынышты. Бірақ бұл – менің таңдауым. Құтқарушы болу арқылы адамдарға көмектескім келеді. Сондықтан осы мамандыққа оқуға түстім.

 Бұл – қаладағы №2 Өрт сөндіру бөлімі. Мұндағы мамандар жыл басынан бері мыңнан аса шақыртуға шығып, жүздеген адамды құтқарып қалды. Бұл – жүректің ісі. 

 Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков