Ақтау тұрғындарының салық берешегі 103 млн теңгеден асқан

Қазір 30 мыңға жуық адам салық төлеуден жалтарып жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекеттік кірістер басқармасының өкілдері 30 жұмыс күні ішінде өтеу қажеттігін ескертіп жатыр. Олай болмаған жағдайда жинақталған дерек жеке сот орындаушыларға жолданады. Олар қарызын толық өтемейінше, салықтан жалтарушының банктегі есеп-шотын бұғаттайды. Сондай-ақ өз қызметі үшін берешек соманың 25 проценті көлемінде ақы алады. Жыл сайын ақпан айында азаматтардың мүлкі есептеледі. Соған сәйкес атына мүлік тіркелген азамат 1 қазаннан кешіктірмей салық төлеуі тиіс.

Азамат Сағидуллаев, қалалық МКБ бөлім басшысы:

– Берешек сомасы жөнінде барлық салық төлеушілерге хабарлама жолданды. Хабарлама салық кодексіне сәйкес 3 жолмен жеткізіледі. Жеке электрондық кілті болған жағдайда, сол кілтіне барып түседі. Электронды пошта арқылы барады. Үшіншіден, қағаз жүзінде барады. Жеке сот орындаушыға мәжбүрлеп, өндіру жөнінде салық бұйрығы кетпестен бұрын төлеп тастауға кеңес беремін.