Елімізде зорлық-зомбылыққа қарсы күрес күшейтіледі

Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы күрес жұмыстары күшейеді. Президенттің Жолдаудағы пәрменінен кейін Бас прокуратурадан бастап Ішкі істер министрлігі, Парламент депутаттары, әйел құқықтарын қорғау сияқты бірқатар ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер батыл шешім қабылдауға кірісті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елімізде отбасылық, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты күніне 200 шағым беріледі. Биылдың өзінде полицияға 100 мыңнан астам хабар түскен. Олардың басым көпшілігі Шымкент, Астана, Алматы, Қарағанды мен Павлодар қалаларында тіркеліп отыр. Алайда оның 62 пайызына қатысты полиция тиісті шара қолдана алмаған. Көп жағдайда жәбірленушілер арыз беруден бас тартатын көрінеді. Енді бұдан былай зорлық-зомбылық әрекеті тіркелген жағдайда тәртіп сақшыларына өтініш-арызсыз-ақ шара қолдануға мүмкіндік берілмек. Сараптамаға сәйкес зорлық-зомбылық деректерінің 80 проценті тұрмысы төмен, баспанасы жоқ жұмыссыз отбасыларда болатын көрінеді. Форумға жиналғандар жауапкершілікті күшейтіп, салдарымен күресуден гөрі себебін анықтауға күш салу керектігін талқылады. Проблеманы шешуге бағытталған жауапты үйлестіруші органдарды белгілеп әкімшілік процестерді оңтайландыру мәселесін пысықтады. Сонымен қатар бұл мәселені шешу үшін  әлеуметтік әділ мемлекет құрған жетекші елдердің тәжірибесі енгізілуі мүмкін.

Марат Ахметжанов, ҚР ішкі істер министрі:

Бір ғана заңды қатаңдатып, проблеманы шеше алмаймыз. Оны болдырмайтын жағдай жасауымыз керек. Салдарын емес себептерін қарау керек. Себептерін шешуге бағытталған тәсілдерді қолданумыз керек. Сондай мәселе бойынша бүгін жиналып отырмыз. Осыны тез арада ұйымдастырып жасақтап депуттаттарға ұсынып өзгерістер заңнамаға енеді.