Алматыда үздік эссе байқауының жеңімпаздары марапатталды

Алматыда «Менің арманымдағы Қазақстан» тақырыбындағы үздік эссе байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Іс-шара әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұйымдастырған «Әділ мемлекет. Біріккен ұлт. Өркендеген қоғам» атты республикалық жастар форумы аясында өтті. Байқауға қазақ, орыс және ағылшын тілінде 100-ге жуық жұмыс түскен. Сондай-ақ «Атамекен» тақырыбына диктантты сауатты жазған жастар да марапатсыз қалмады. Барлық жеңімпаздарға дипломдар мен бір реттік шәкіртақы берілді. Республика күніне орай өткен форумға қатысқандар елімізде болып жатқан жаңашыл өзгерістерді талқылады. Мемлекетті жетістікке жеткізу үшін талантты студент-жастардың қарым-қабілетін барынша пайдалану керектігі айтылды.

 Атай Дінмұхаммед, байқаудың Гран-при иегері:

- Әділетті Қазақстанды құру үшін жастармен көбірек жұмыс жасаған дұрыс. Ғылымға, білімге деген құштарлықты ояту үшін ең алдымен осындай форумдарды көптеп ұйымдастырған жөн. Мұндай форумдар үлкен университеттерде ғана болады. Мұны барынша мектептерге, колледждерге насихаттау керек.