Өскеменде қараусыз ғимарат кәдеге жарайтын болды

Өскеменде он жыл бойы қаңырап тұрған білім нысанының ғимараты иесін табады. Мұнда дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты ашылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Естеріңізге салсақ, 2011 жылы Білім және ғылым министрілігінің бастамасымен салынған «машина жасаушыларды оқыту орталығы» сол беті қолданысқа берілмей, қараусыз қалды. Жобаға бөлінген қаражаттың 900 миллион теңгеден астамы талан-таражға түскен. Кейін сот басталып, нысан сол беті ұмыт қалды. Осыған дейін қараусыз қалған нысан аумағына бүгін аяқ басу қиын. Күзет күшейтілген. Алайда одан не пайда. Пластик терезелер мен  металл жақтаулар баяғыда қолды болған. Сөйтіп республикалық бюджеттен бөлінген 4 миллиард теңгеге салынып дәл  қолданысқа берілер кезде құрылысы тоқтап қалған нысанның бүгінгі түрі осы.

Бұл нысанға бөлінген қаржының 900 миллион теңгеден астамы шенеуніктердің қалтасында кеткен. Құрылыстың  екі бірдей  жетекшісі, яғни сол кездегі білім және ғылым вице министрі және оның қоластындағы қызметкері 7 жылға сотталды. 2018 жылы салалық министрлік бұл шулы нысаннан басы бүтін құтылып, Өскемендегі әкімдік теңгеріміне өткізіп берді. Бірақ ғимарат сол беті қараусыз тұрды. Денис Данилевский аяқсыз қалған құрылыстың қыр сырын жақсы біледі. Білім саласына ауадай қажет орталықтың  талай жыл  пайдасыз тұрғанына ішім ашиды дейді.

Денис Данилевский, журналист, қоғам белсендісі:

– Бұл нысан бойынша мен бірнеше рет әкімдікке сауал жолдадым. Соңғы рет сараптама жасалу керек деген жауап алғанмын. Алайда сонда да жұмыс жүрмеді. Тіпті белгілі жоғарғы оқу орны осы нысанды алмақшы болып үлкен қызығушылық білдірген болатын.

Енді облыс басшылығы осы ғимаратты қайтсек те қажетті іске жаратамыз деп белсенділік танытып отыр. Алдымен сараптама жасалып, соңынан қайта қалыпқа келтіру жұмыстары басталады. Одан соң бұл нысан дарынды балалар мектеп-интернатына айналады.

Даниал Ахметов, ШҚО әкімі:

– 700 бала қаладан келеді, екі жүзден астамын ауылдан әкелеміз. Арнайы мектепке тамаша мұғалімдер әкелуіміз керек. Бұл бірінші айырмашылық. Екіншіден, тамаша қазақ тілі, жақсы ағылшын, орыс тілін білу керек.

Интернат Президент жолдауында айтылған «Жайлы мектеп»жобасы талаптарына жауап беретін үлкен кешен болмақ. Жоспар бойынша 2024жылы аяқталып, қолданысқа берілуі тиіс.

Эльмира Ахметова. Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин