Жамбыл облыстық Aq Jol газетіне – 100 жыл

Осыған орай Таразда салтанатты шара өтті. Арнайы фотокөрме ұйымдастырылып, ғасырлық басылымның тарихын қамтыған «Ғасыр шежіресі» кітабының тұсауы кесілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шарада басылымға еңбегі сіңген ардагерлер мен бүгінде табысты қызмет етіп жүрген қызметкерлер марапатталды. Салтанатты жиынға Мәжіліс депутаттары мен республикалық БАҚ басшылары қатысты. Еліміздің әр аймағынан келген зиялы қауым өкілдері ғасырлық мерекемен құттықтады. Жалпы Ақжол басылымы, 1922 жылы «Кедей еркі» деген атпен шыққан. Бүгінде Әулиеатаның үні болған облыстық газет 8 мың таралыммен, аптасына 3 рет мемлекеттік тілде жарық көруде.

Елен Әлімжан, жазушы, публицист:

– Осы Жамбыл облысынан шыққан ақын-жазушылардың барлығы дерлік алғашқы өздерінің қаламдарын осы «Ақ жолда» бастады. Шығып жатқан кітаптар, бұның барлығы да тарих үшін оқырман үшін өте пайдалы нәрсе. Сондықтан да мен осы тойдың берері мол деп ойлаймын.