Еліміздің егемендік декларациясы Алматыда қабылданған

Азаттықтың алғашқы қарлығашы егемендік декларациясы Алматыда қабылданды. Сондықтан Оңтүстік Астана тәуелсіздіктің бесігі саналады. Экономика, заң, мәдениет сынды әртүрлі сала мамандарынан құралған 360 депутат егемендік декларациясын талқылап, 25 қазан күні бекіткен болатын. Тарихи құжаттың куәгерлері 32 жыл бұрыңғы естелігімен бөлісті.

Бүгінде Қазақ-британ техникалық университеті орналасқан тарихи нысанда 32 жыл бұрын жоғары кеңес депутаттары еліміздің егемендік декларациясын қабылдады. Ғимараттың үлкен залында отырған 360 депутаттың бірі ақын, драматург Нұрлан Оразалин. Мемлекет және қоғам қайраткері сол тарихи сәтті былай еске алады.

Нұрлан Оразалин, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Әсіресе мынау декларация жөніндегі егемендік декларациясын менің әлі күнге дейін көз алдымда. Салық Зиманов дейтін ақсақалымыздың сол 70 жаста. Сол ақсақалымыздың мынау мінберде тұрып осы жерде ертеден кешке дейін тапжылмай отырып, әбден 25 қазан күні әр бапқа қалай жауап бергені, әр сұраққа қалай жауап бергені көп алдымда. 

Драматург сол кезде жиналыс залының 11-қатарында отырдым, дейді. Оның жанында қоғамға белгілі Серік Әбдірахманов, Салық Зиманов, Қадір Мырза Әлі, Өзбекәлі Жәнібеков және Мұрат Әуезов сынды тұлғалар болған. Бұл жерді демократиялық процесс басталған нысан деуге болады.

Нұрлан Оразалин, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

- Ең алғашқы біздің мына құрамның мән берген нәрсесі әділетті шешім қабылдау. Болашақты қамтамасыз ететін заңдарды қабылдау. Содан кейін осы кеңестікте өмір сүріп жатқан халықтың, ұлттың өткенін өгейсітпей бүгінін табанын бекітіп, бедерін сүйтіп отырды. Болашағын, ертеңін анықтайтын заңдар қабылдау болды.

Мұрат Әуезов, мемлекет және қоғам қайраткері:

- Ол кезде кеңес одағы билік жүргізіп тұрды. Халық қалаулыларының көбі социалистік жүйеден бөлініп, қиын күнді артта қалдырып демократиялық ел болуды қалады. Декларация авторларының, сол кездегі депутаттардың арқасында тәуелсіз елдің болашағын көз алдымызға елестете отырып, алғашқы құжат жасалды.

Егемендік декларациясы кешегі тәуелсіздікке жол ашқан, конституцияға барар жолдағы ең алғашқы тарихи құжат. Сондықтан Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылды. 

Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов, Нұрдәулет Жақсыбаев