Қарағанды облысында 50 жыл жөндеу көрмеген тас жол жаңғыртылып жатыр

Қарағанды облысында 50 жыл жөндеу көрмеген тас жол жаңғыртылып жатыр

Осакаров ауданы мен Молодежный кенті арасындағы трассаның бойында ондаған елді мекен бар. Ауылдықтар осы жолмен Қарағандыға, одан әрі  Астанаға қатынайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жол сапасын жақсарту туралы тапсырмасынан кейін облыстық жолдардың сапасына көңіл бөліне бастаған. Бұл жолмен «Астана – Қарағанды», «Қызылорда – Павлодарға» қатынауға болады. Тәулігіне кемі 2 мыңға жуық көлік жүреді. Қазір 81 шақырым жолдың жартысына жуығы осындай тақтайдай тегіс жол болып шыға келді. Бұл кент тұрғындарының да көптен күткен тілегі болатын. 

Фёдор Бушуев, Молодёжный кентінің тұрғыны:

Бұрын да асфальт болған. Бірақ шұрық-тесік еді. Жолды барлық ауыл тұрғындары асыға күткен. Себебі құдайдың құтты күні аудан орталығына барған кезде жол азабын тартатынбыз. Көктем кезінде жолды су шайып кететін.

Үшінші санатты жолды жөндеу жұмыстары 2019 жылы басталған. Сол кезде 81 шақырым жолдың 53 шақырымы орташа жөндеу көрген. Енді міне қалған шақырым күрделі жөндеуден өтіп отыр. Жұмыстар 2023 жылы толық аяқталады.

Владимир Ким, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:

– Бұл жолдың техникалық регламентке сай келмеуі соңғы уақытта өткір мәселеге айналып, тұрғындар тарапынан көп көтерілген болатын. Осакаров пен Молодежный арасында ондаған елдімекен бар. Бұл осы жолмен 15 мыңға жуық адам жүреді деген сөз. Сондықтан қазіргі уақытқа дейін бас-аяғы 28 шақырымы жөнделді. Қалған 43 шақырым жолдың техникалық жағдайы 3-санатты талапқа сай келеді.

Биыл жол жиегі көтеріліп, асфальттің екі қабаты төселді. Ал келер жылы жол төсемінің соңғы үшінші қабаты жабылады. Жолға мердігер 5 жыл кепілдеме беріп отыр. Аталған жұмыстарға 200- ге жуық адаммен 100-ден астам техника тартылған. Жобаның жалпы құны 4 млрдтеңгені құрайды.

Мәди Дадиев, мердігер компания өкілі:

– Үш қабатты жол төсемі салынады, асфальт қалыңдығы 8,6 және 5 см 3 қабатты жол төсемінен тұрады. Бірінші учаскеде 3 су  өтетін құбыр жасалған, мында 16 су өткізгіш құбыр іске қосылған. Насып көтеріліп, земляной полотносы толық аяқталған.

Биыл Қарағанды облысында 1200 шақырымға жуық жол жөнделеді. Оның 350 шақырымнан астамы облыстық маңызға ие. Барлық жоспарланған міндеттерді іске асыру үшін жол құрылыс маусымында 3 мың техника мен 59 асфальт зауыты жұмылдырылды. 5 мыңға жуық жұмыс орындары ашылған.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар