Екі жылға созылған Біртанов ісі аяқталды

Екі жылға созылған Біртанов ісі аяқталды

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бес жыл ,ал оның орынбасары қызметін атқарған Олжас Әбішев 4 жыл құзырлы органдардың бақылауында жүреді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Яғни, бас бостандықтары шектелді. Дегенмен абақтыда отырмайды.

Бүгін екі жылдан аса тергеліп, тексерілген іс аяқталды. Сөйтіп, соңында Біртанов не айтты, сот қай істі ақтап, қайсына жаза кесті? Әріптесім Гүлзия Нақыпқызынан білейік.

2020 жылдың қазаны. Коронавирус белең алып ырыққа көнбей тұрған кезең. Осы бір қиын уақытта Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов аяқ астынан істі болды. Ол орынбасарымен бірге министрліктің жұмыс істемей тұрған ақпараттандыру платформасын қабылдап, іске қосу арқылы қызмет бабын асыра пайдаланды деген күдікке ілінді. Осылайша, прокурорлар экс-шенеуніктерге мемлекетке 1,5 млрд теңге көлемінде шығын келтірді деп айып тақты. Елжан Біртанов сол 2020 жылдың қарашасынан бері үйқамақта отырды.

Елжан Біртанов:

- Бірінші эпизод бойынша ақталғаныма көңілім толды. Бірақ екінші эпизод бойынша шешіммен келіспейпін. Алдағы уақытта апелляциялық сотқа барамыз.

Экс-министр Елжан Біртанов пен орынбасары Олжас Әбішевтің ісін Елордадағы Сарыарқа аудандық №2 соты биыл 26 мамырдан бастап қарады. Ол алдымен "ірі көлемде бюджет қаржысын талан-таражға салды" деп айыпталды. Бірақ Біртанов тағылған айыптың ешбірін мойындамады... 50 жастағы экс шенеунік 2017 жылдың қаңтарынан 2020 жылдың маусымының аяғңына дейін денсаулық сақтау министрі болды. Ол коронавируспен ауырғандар күрт көбейіп, ауруханаларда орын жетпей қалған тұста отставкаға кеткен.

Ибрагим Әлкенов, сот:

- Елжан Амантайұлы Біртанов ҚР Қылмыстық кодексі 361-бабының 3-бөлімінде санитариялық авиацияның әуе кемесін пайдалану эпизоды бойынша қылмыстық құқық бұзушылық үшін кінәсіз деп танылсын және оның әрекеттерінде осы қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан, ақталсын. ҚР ҚК 361-бабы 3-бөлімі 4-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін Елжан Біртанов пен Олжас Әбішев кінәлі деп танылсын және осы бап бойынша Біртановқа бес жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза, Әбішевке 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалсын.

Екі жылға созылған іс осылай аяқталды. Сот Біртановты Құрмет орденінен айырды. Сотталғандарға қылмыстық кодекстің 44-бабының 2-бөлігінде көзделген міндеттер жүктелді. Яғни олар мемлекеттік органға хабарламай,жұмыс орны мен тұрғылықты мекен-жайын өзгертпеуі қажет. Және жұмыстан бос уақытта тұрғылықты жерінен басқа аймақтарға баруына болмайды. Дегенмен Елжан Біртанов әу баста тағылған айыппен келіспейтінін айтып келеді. Сот шешіміне де сол сөзінде тұрды. Алдағы уақытта апелляциялық сотқа жүгінетінін де айтып қалды.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы Наурызбай Құрманғазы