Астанада өтіп жатқан бесінші Nobel fest фестиваліне 500 мыңға жуық адам қатысты

Олар Нобель лауреаттарының  дәрісін тыңдау мүмкіндігін иеленді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауқымды халықаралық  шарада ғылым мен білімді дамытуға үлес қосып жүрген жетекші мекемелер мен ЖОО-ның өкілдері де басқосты. Олардың бірі -Жусан банк.  Компания оқу-ағарту саласындағы таңдаулы жобаларға қолдау білдіріп келеді.

Осы күндері әлем назары Астанаға ауды. Халықаралық Нобель сыйлығының лауреаттары бізге атбасын бұрып, бар жиған-терген білімдерімен бөлісті. Олардың дәрісін тыңдау үшін әлемнің 155 мемлекетінен 500-ге жуық университеттің өкілдері келді. Шарадан «Жусан» банкі де қалыс қалмады. Қаржылық ұйым жастардың білім алып, өздерін дамытуға бағытталған жобаларына  қолдау білдіріп келеді. Мұнымен шектелмей, халықаралық фестивальдің өтуіне де атсалысты.

Нұрдәулет Айдосов, «Jusan bank» АҚ басқарма төрағасы:

- Біздің банк үшін бұл шараға қатысу өте маңызды. Өйткені біз оқу-ағарту жүйесінің бір бөлшегіміз. Мұнда келген студенттердің қарасы өте көп. Олар Нобель лауреаттарына мазалаған сұрақтарын қойып, жауап алуда. Бұл бізді қуантады. Өйткені ел ертеңі – жастар  әлемдік сын-қатерлерге жауап бере алатын нағыз бәсекеге қабілетті мамандардың қатарын толықтырады. 

Фестиваль аясында студенттер Жусан банкінің төрағасының да дәрісін тыңдады. Нұрдәулет Айдосов, ғаламдық экономикадағы сын-тегеуріндерді жасырмай айтты.

Мұрат Қарымсақов, «Ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубы» қауымдастығының президенті:

- Біз осы шараның өтуіне атсалысқан серіктестерімізге алғыс айтамыз. Солардың бірі Жусан банкі. Қаржылық ұйымның төрағасы мұнда арнайы келіп, банк және қаржы секторындағы  технологиялық өзгерістер жөнінде білімімен бөлісті. Бұл дәріс жұртшылықтың қызығушылығын тудырды. Өйткені банк жүйесіндегі сын-қатерлер мен технологиялық шешімдер қазір өте маңызды.

Иә, қазір ғаламдық сын-қатерлерге төтеп беретін білімді ұрпақ тәрбиелеу заман талабы. Сонда ғана Қазақстан әлемдік державалармен иық тірестіре алады.

Авторы: Назерке Әбдірахманқызы