Қарағанды облысындағы шахтада қауіпсіздік талаптары сақталмаған

Қарағанды облысындағы "Тентек" шахтасында өнеркәсіптік қауіпсіздік қаншалықты дұрыс сақталып келгені тексерілді.

Салдарынан онда 151 бағыт бойынша талаптың бұзылуы анықталған. Ескірген жабдықтар, ауаны желдету проблемалары сынды мәселелер өткен жылғы тексеруден бері қалыпқа келтірілмеген. Оған биылғы талапқа сай келмейтін тұстар қосылып отыр.  Қауіпсіздік мәселелерін бұзғаны үшін "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ, өнеркәсіптік қауіпсіздік инспекторлары таспалы конвейердің жұмысын тоқтата тұру туралы экономикалық сотқа талап арыз жолдаған.

Арман Әбілқасымов, өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті департаменті басшысының орынбасары:

- Талапқа сай келмейтіндердің ішінде кен орыны орналасқан ғимараттың өзі де бар. Ол әбден ескірген. Онда монтаждау жұмыстарын жүргізіп, жаңарту керек еді. Бірақ ол жасалмаған. Салдарынан кейбір қабырғалардың сөгіліп кеткені де байқалады. Ол бір күні құлап, жұмысшыларға қауіп төнуі мүмкін. Осыған байланысты аталған конвейер жұмысын уақытша тоқтату туралы шешімге келдік.