Ақтөбеде үлескерлер мәселесі шешіледі

Пәтер иелерінің қаражатын алып, құрылысқа кіріскенімен артынша тұралап қалған баспаналардың дені «Батыс-2» шағын ауданында.

Қазір 540 азамат тиесілі баспанаға қол жеткізе алмай жүр. Бірінің іргетасы ғана қаланса, басқалары бел ортадан тоқтаған. Сондықтан билік құрылысты одан әрі жалғастыру үшін нарықта сенімді компания ретінде белгілі болған инвесторларды тарттырған.

Ералы Тоғжанов, Ақтөбе облысының әкімі:

- Мүмкіндігі бар азаматтарды тартып, олардың барлығын құқық қорғау органдары арқылы қазір тексертіп, осы мына құрылысты әрі қарай жалғастырып, шешімін тауып, сол азаматтардың, аналардың салған ақшаларына сәйкес үйлерін алып беруді негізгі мақсат қып қойғанбыз. Жаңадан анықталған инвесторлар уәделерін беріп отыр.

Құрылысы тоқтап қалған үйлердің алды осыдан 6 жыл бұрын салына бастаған. Содан бері сарыла күткен үлескерлер бар үмітіміз жаңадан келген инвесторларда дейді. Облыс әкімі де биліктің қатаң бақылауға алатындығын жеткізді.

Ералы Тоғжанов, Ақтөбе облысының әкімі:

- Жұма сайын ерекше қадағалауды жасаймыз толықтай үйлер аяқталғанша. Өздеріңіз байқадыңыздар  бірнеше үйдің құрылыстары басталып кетті. Талаптарға сәйкес келмейтін, стандартқа сәйкес келмейтін міне мына жерде тұр құрылыстарын бәрін қайтадан бұзып, қайтадан салатын шешім қабылдап жатырмыз.

Шаһарда құрылысы қаңтарылып тұрған 11 үй болатын. Үлескерлердің қаражатын жиып, іске кіріскен компания өкілдері қажетті материалдардың күрт қымбаттауын желеу етіп келген. Қазір барлығында да жұмыс қайта жанданған. Жергілікті биліктің жоспарына сәйкес келер жылдың желтоқсанына дейін барлығында қоныс тойы болуы тиіс. 

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айбек Даутов