Үржардағы әлем чемпионатына бірнеше елдің құсбегілері қатысты

Үржарда құсбегілердің бірінші әлем чемпионаты өтті.

Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған додаға Түркия, Қытай, Моңғолия, Украина, Ресей, Қырғызстан мемлекеттері мен біздің елден 100-ден астам құсбегі келген. Барқытбелдің баурайында құс салып, ит жүгірткен аңшы қауымның өнеріне біздің тілшіміз де таңдай қағып, тамсанып қайтты.

Халықаралық құсбегілер федерациясының ұйымдастыруымен, Абай облысы әкімдігінің қолдауымен өткен байрақты бәсекеге есімі әлемге әйгілі бүркітші қыз Айшолпанның әкесі де қатысты. Ал құсбегілік өнерге құмартқанына 9 жылға жуықтаған Мұрат Налбат дүбірлі додаға сонау Түркиядан арнайы келіпті. 

Мұрат Налбат, құсбегі (Түркия):

- Түркияның Измир қаласынан келдім. Қазақстанға алғаш рет ат басын бұруым. Құсбегілік – менің сүйікті хоббиім. Жарысқа келсек, сайыс жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Қазақ халқының қонақжайлығына тәнтімін.   

Нұрғайып Ырысұлы, құсбегі (Моңғолия):

- Моңғолияның Баян өлгей аймағынан келдім. Төрт бүркітші келдік. Өкінішке орай, ресейдің шекарасынан құсымызды асыра алмадық. Осындағы қандас ағайындардың бүркітін алып, қатысып жатқан жайымыз бар. Менің құсбегілікпен айналысқаныма 45 жыл. Әкем салған, әкемнің әкесі құс салған. Жеті атамнан бері бүркіт ұстап келеміз. 

Әлемнің жеті мемлекетінен жиылған құсбегілер қолға шақыру, еркін ұшыру, шырғаға салу кезеңдері бойынша сынға түсті. Әрине, жұрт аспан серісі бүркіт пен ен далада еркін жортқан қасқырдың арпалысын көргісі келген. Алайда соңғы жылдары бұған тыйым салынған екен. 

Бағдат Мүптекеқызы, "Қыран" федерациясының атқарушы директоры:

- Жарыстың финалы қорытындыланған кезде қасқырға салмаймыз. Қазір дүние жүзі табиғатты қорғауға көңіл аударып жатыр. Бұрындары қазақтың ессі дәстүрі бойынша қасқырға, түлкіге салатынбыз. Финалда қоянға саламыз, түлкі табылса түлкімен аяқтаймыз. 

Жел соқса желбіреген,

Күн шықса елжіреген

Қыраным қалықтаған

Тазы мен төбетімнің тарихын

Бабаларым баяғыда анықтаған

Барқытбел баурайын үш күн бойы дүбірге бөлеген бүркітшілер бәсекесінің бір ерекшелігі, құстардың ғана емес, құсбегілердің де белсенділігіне, өнеріне баға беріледі. Ал бірінші әлем чемпионатының Тарбағатай тауының етегінде, Үржар жерінде өтуі бекер емес. 

Нұржан Тоқсейітов, Үржар ауданының әкімі:

- Бұл шараның осы жерде өткізіліп отырғаны заңдылық деп есептеймін. Құсбегілік Үржар өңірінде жақсы дамыған. 2015-2017 жылдары республикалық чемпионат өткізген болатынбыз.+++ Енді осындай мерекелер алдағы уақытта да жалғасын табады деп ойлаймын. 

Тәттімбет Кәпұлы, "Шығыс-Алтай" Бүркітшілер федерациясының президенті:

- Қазақтың әр даласының өз құнды тарихы бар. Сондықтан Үржар жерінде өтуінің өз мәні бар шығар. Биыл міне Абай облысы атанып, жеке отау тігіп жатқанымызда мұндай той өткізбеуге болмайтын шығар. Сондықтан ерекше қуаныштымыз.  

Азамат Қасым, тілші:

- Бұл чемпионат барысында тазылар да сайысқа түсті. Қазір міне 350 метр қашықтықта осы сайыстың ең жүйрік тазысы анықталады. 

Сонымен бұл қашықтықта Өскеменнің Көкқасқасы топ жарса, 500 метрде Абай облысының Жебе атты тазысы үздік шықты. Ал Жамбыл облысынан келген Серікболсын Жалғасұлы құсбегіліктен тұңғыш әлем чемпионы атанды.

Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы