Қостанай облысында биыл 27 мың адам еңбекпен қамтылды

Қостанай облысында биыл еңбекпен қамту жобасымен 27 мың адам қамтылды.

Олардың ішінде мемлекеттік қолдаудың арқасында жеке ісін бастағандар да аз емес. Тегін оқып, кәсіпкерліктің әліппесін меңгергендердің бірі қызмет көрсету орындарын ашса, енді бірі мал бағып, өнім өндіріп отыр.

Тобыл қаласының тұрғыны Светлана Панченко сырқат баласына қарап, күтім жасау үшін жұмысын тастап, ұзақ уақыт үйде отырған. Бір-екі ай бұрын «Бизнес бастау» курсын тәмамдап, қайтарымсыз грантқа ие болды Сол қаржы есебінен мүмкіндігі шектеулі балаларды дамыту студиясын ашқан.   

Светлана Панченко,  кәсіпкер:

- Мұндай балалармен жұмыс істейтін мамандар табу қиын. Мен осыған басынан дайындалып, педагог-психолог мамандығын игеріп алдым. Қазір студияда 3 бала бар. Оның екеуі аутизммен ауырса, біреуінің психологиялық дамуы кенжелеп қалған.

Өңірде Светлана сияқты жаңа жеке ісін бастағандар аз емес. Және бір қуантатыны, жыл сайын ата кәсіпке ден қойғандардың қатары артып келеді. 

Эльмира Ысқақова, Қостанай аудандық еңбекпен қамту орталығының директоры:

- Қостанай ауданы бойынша биыл 87 грант бөлінді. Соның 70 проценті ауыл шараушылығына тиесілі. Әсіресе жылқы өсіруге ниет білдіргендер көбейді. Оған бір себеп грант көлемінің артқаны.

Тағы бір өзгеріс биыл «Бизнес бастау» курсы онлайн негізінде оқытылды. 

Аида Жаркенова, Қостанай қалалық жұмыспен қамту орталығының маманы:

- Қазіргі уақытта Қостанай облыс бойынша 1304 адам «Бастау бизнес» жобасын аяқтап, оның ішінде 561 адам өзінің бизнесін бастап отыр. 

Халықты еңбекпен қамту жүйесі биыл тағы үш жобамен толықты. Оның екеуі жастарға арналса, біреуі зейнет жасына таяғандарды қамтиды.  

Аида Құсайынова, облыстық  жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

- «Күміс кезең» жобасы зейнеткерлікке шығуға екі жас қалғандар үшін жасалған. Оларға мемлекет 10 төмеңгі есептік көрсеткіш көлемінде еңбекақы тағайындайды. Ал жұмыс беруші өз есебінен қосымша төлей алады. Және оны зейнет жасына жеткенше тұрақты жұмыспен қамтуға міндетті. 

Осы жоба аясында биыл 126 адам екі қолға бір күрек тапқан.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг