Ауылда трактор құрастырады – Ақтөбе облысы

Мәртөк ауданының Сарыжар ауылында тұратын қарапайым тұрғынның қолынан шыққан алғашқы шағын трактор осы. Белтемірінен бастап, барлық бөлігі өзі құрған жобаға сәйкес құрастырылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Моторын Алматыдан алдыртса, дөңгелегін Мәскеуден жеткізген. Кейбір бөлшегі МТЗ тракторынан алынғанын да жасырмайды. Ал атқарытын жұмысы орасан. Үлкен техникалар кіре алмайтын жерлерде кез-келген шаруаны жүргізе алады. Жер жыртып, тұқым себуге, балшық илеп, құрылыста қолдануға және ауыр заттарды орнынан қозғап, көтертуге болады. Шамамен 4-5 адамның атқарытын жұмысын бір өзі жасай алады.

Нариман Мөңкебаев, өнертапқыш:

- 6 ай уақыт кетті бұл тракторды жинап, жасап шығаруға. Тек қана мұнда алдында ковош болмайды. Бетонамешалканы да тіркеуге болады бұның алдына, вила ретінде шөпті көтеруге болады. Кара ретінде қолданып, керек заттарыңды апаратын жерге апарып қоюға болады. Грузоподъемності 300 келі бұл трактордың. Прицеп тіркеуге болады бұның артына, жер айыруға болады, екілік плуг болады бұның артында. Бұл жаңағы кішігірім бақшаға, теплицаларға сондайға ыңғайлы.

Нариман Мөңкебаев қазір тапсырыс бойынша кезекті шағын тракторын жасауға кіріскен. Ал бұған дейін қолынан шыққан екі бірдей техникасын Хромтау және Қобда аудандарының шаруа қожалықтары иемденген. Өзі бұл кәсіпті тәжірибелі темір жонушы әкесінен үйреніпті. Бала күнінен қасынан қалмай түрлі бұйымдар жасауды меңгерген соң кейін өзі де осы мамандық бойынша курстан өтіп, білім алған. Қазір де әкесі екеуі өздері құрған шағын цехта темірден жасалатын кез келген бұйымды шығаруға мүмкіндігі бар. Себебі әр жылдары мемлекеттік қолдаудың арқасында грант ұтып, қажетті станоктарын көбейткен. Шағын трактор құрастыру да осы табанды еңбектің арқасында мүмкін болған.  

Тасыбек Мөңкебаев, Нариманның әкесі:

- Бұл интернетпен қарағанда интернетпен келмейді екен. Оны 5-6 рет измерение жасайды. Точность керек, центрачность жасайды, цилиндрлары келмейді. Қайтып испытаниеге салды. Сонымен қазір жасап кетті. Крестянские хозяйства, базаларға сұрап жатыр көбі.

Нариман бұл жетістікпен тоқтамақ емес. Темір жону ісіндегі жаңашылдықтарды әрі қарайда меңгеріп, тың туындылар жасап шығармақ ниетте. Дарынды маманға өңірдің ірі зауыттарынан да жұмыс ұсыну көбейе түсіпті.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев