Қоғамдық қауіпсіздік жіті бақылауда

Еліміз бойынша сайлау науқаны кезінде заңды бұзған 4 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл азаматтар заңсыз митингке шығуға шақырған. Тағы он бес адамға әкімшілік хаттама толтырылып сотқа жіберілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұраталиев айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал Бас прокуратура органдарына дауыс беру басталғалы небәрі үш өтініш түсіпті. Оның біреуі Астана, қалған екеуі Ақтөбе мен Ақмола облыстарында тіркеліп отыр.

Азамат Саргазин, ҚР Бас прокуратурасының басқарма бастығы:

– Бас прокуратураға түскен өтініш Ішкі істер министрлігіне жіберілді. Себебі өтініш иесі жариялы түрде ұлттық алауыздықты қоздыру бойынша шара қолдануды сұраған. Екінші өтініш Көкшетау қаласының тұрғынан дауыс беру тәртібін түсіндіру жөнінде Ақмола облысының прокуратурасына келіп түсті. Өтінішті қарау үшін Көкшетау қаласының аумақтық сайлау комиссиясына жолданды. Тағы бір өтініш Ақтөбе қаласы Астана ауданының прокуратурасына Ұлт тағдыры қозғалысы қоғамдық бірлестігінің байқаушысы Диаровтан келіп түсті. Онда ол нөмірі 64 сайлау учаскесіндегі дауыс беруге арналған үй-жайдан негізсіз шығарылғанын көрсеткен. Сайлау науқаны және тікелей дауыс беру процесі тыныш жағдайда өтті. Азаматтардың дауыс беру құқығын тікелей кедергі жасауға қатысты шағымдар мен өтініштер түскен жоқ.