Кентаудағы жылу орталығы жылыту маусымына дайын

Кентау қаласының тұрғындары алдағы қыс айларында жылудан тапшылық көрмейді. Себебі биыл қаладағы №5 жылу электр орталығының негізгі және қосалқы қондырғылары мен бірнеше қазандығы және турбогенераторы ағымдағы жөндеуден өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған облыстық бюджеттен 715 млн теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды.

Айта кетейік, бұл жылу электр орталығы Кентау қаласы тұрғындарын орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ететін жалғыз стратегиялық нысан. Өткен ғасырдың 40-шы жылдары пайдалануға берілген. 1952 жылы соңғы рет жаңғыртудан өткен. Одан кейін әр жылдары ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп отырған. Кентау қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Ысқақовтың айтуынша, кейбір негізгі жабдықтары мен магистральдық жылу желілері тозған. Соның салдарынан кей жылдары қыс ортасында жылу қазандықтары істен шығып, қараша халық суық үйде отыруға мәжбүр болатын. Биыл ондай кемшіліктер болмайтынын айтады. 27 қазаннан бастап, жылу орталығы қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр. Жылу маусымына қажетті 90 мың тонна көмір мен 700 тонна сұйық отын кестеге сәйкес жеткізілген.

Қуаныш Ысқақов, Кентау қаласы әкімінің орынбасары:

– Орталық жылуға қосылған 14 мың абонент бар, оның ішінде 106 бюджеттік мекеме, 2295 жеке тұрғын үйлер, 347 көпқабатты тұрғын үйлер және 441 коммерциялық нысандар. Барлығы 100 пайыз жылуға қосылған. Кентау қаласы қазіргі таңда бірқалыпты жылумен қамтамасыз етілуде.