Абай облысының Жарма ауданында «Жыл үздігі» байқауы ұйымдастырылды

Әр салада озық шыққан мамандар 21 аталым бойынша марапатталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың арасында қол күресінен Азияның 7, әлемнің 4 дүркін чемпионы Зарина Примак та бар. Бала кезінде абайсызда отарбаның астына түсіп, қол арбаға таңылған ол 35 жасында спортқа келгенімен, бүгінде өз салмағында қарсылас шақ келтірмей жүр. Тілшіміз Азамат Қасым жалғастырсын. 

Шағын шаһар Шар қаласында тұратын Зарина Примак спортқа кеш келгенімен, қарсыластарына дес бермейді. Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында еліміздің 7 дүркін чемпионының ендігі арманы – Олимпиадада атой салу.   

Зарина Примак, әлемнің 4 дүркін чемпионы:

- Спортпен ешқашан шұғылданған емеспін. Бірде бапкерлердің бірі «қол күресімен айналысып көрсеңші, мүмкін саған ұнап кетер» деді. Ол кезде ойымда ештеңе жоқ еді. Сөйтіп, осы спорт түріне келдім ғой. Қазір спортсыз өмірімді елестете алмаймын. Төрт бірдей әлем чемпионатында топ жардым. Олимпиадаға қатыссам деп армандаймын.  

Қол арбада отырған бойжеткенді осы спортқа баулып, қол күресінің хас шеберіне айналдырған бапкері Ерсайын Шоқпаров оның еңбекқорлығына тәнті.   

Ерсайын Шоқпаров, қол күресінен жаттықтырушы:

- 2015 жылдан бастап пара спортшылармен жұмыс істеп келемін. Қызығушылықтары жақсы. Міне, Зарина әлемнің 4 дүркін чемпионы болды.

Жарма ауданында өткен «Жыл үздігі» байқауында Зарина Примак «Үздік спортшы» аталымын иеленді. Шара барысында өңірдің ең үздік дәрігерлері мен мұғалімдерінің есімі де белгілі болды.

Райым Нұрғалиев, Жарма ауданы әкімінің орынбасары:

- Жыл үздігін анықтағанда қарапайым жұмысшыларға ерекше назар аударылды. Нақты айтқанда, бақташылар да бар, темір ұстасы да бар. Басқа да мамандық иелері марапатқа ие болып жатыр.

Тоқтамыс Шошанов, бақташы:

- Мал бағу оңай емес. Өмір бойы мал бағып келе жатырмын. 40 жылдай болып қалды. 60-қа келдім қазір елеп-ескеріп, еңбегімді бағалап жатқанына алғысымды айтамын.

Байқау барысында әр салада үздік шыққан мамандар 21 аталым бойынша марапатталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шара ауданда дәстүрлі түрде өтеді.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов